RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде оқ ату оқиғаларымен күрес қалай жүріп жатыр?

28.04.2025, 08:00 361

АҚШ-та жыл сайын, ай күннің аманында 45 мыңнан астам адам оққа ұшады.

Бұл елде биылдыққа 80 оқыс жағдай болған. Сарапшылар коронавирустан кейін атыс-шабыс анағұрлым көбейгенін айтады. Жалпы АҚШ және әлемнің өзге елдерінде қару ұстау, оқ ату жайттарымен күрес қалай жүріп жатыр? 

«Балық басынан шіриді». Флорида штатының университетінде жергілікті шерифтің орынбасарының 20 жастағы ұлы кампусқа басып кіріп, 2 адамды жайратып салды. Тағы 6 америкалық жараланды. Бұл биыл оқу орнында болған алтыншы қарулы шабуыл. Сарапшылардың пікірінше, америкалықтар пандемия әкелген зардаптан әлі айыға алмай жатыр. Ұзақ уақыт оқшауланып, қалтасы қағылған жұрттың жүйкесі сыр берген. Бірақ билік басына қайтадан келген Дональд Трамп қаруға қатаң бақылау орнатуға асығар емес. Ол АҚШ-тың Ата заңындағы қару ұстауға құқық беретін Екінші түзетуді сақтап қалуға мүдделі.

Канада 2023 жылдан бері оқ ататын қаруды жеке адамдарға сатуға, сатып алуға және беруге заңмен тыйым салған. Бірақ биыл наурызда 3 адам шарапханаға кіріп, бей-берекет оқ жаудырды. Біреуі мылтық ұстап алған. Атыстан 12 адам жараланды. Осы оқиғадан кейін билік тыйым салынған заттар тізіміне шабуылдау мылтықтарының 179 түрін қосқан.

Чехия – негізі Еуропадағы ең қауіпсіз елдің бірі. Бірақ 2023 жылдың желтоқсанында Карлова университетінде болған атыс елді дүр сілкіндірді. 14 адам оққа ұшып, 25-і жараланған. Осы қанды оқиғадан кейін 2026 жылы күшіне енетін жаңа заң қабылданды. Енді қару-жарақ дүкендері күдікті сатып алушылар туралы билікке хабар беруге, ал қару иелері әр 5 жылда медициналық тексерістен өтуге міндеттелген. Полицияға қоғамға қауіпті деп саналған адамдардың қаруын тәркілеуге құқық берілді.

Биыл ақпанда әлемдегі ең бақытты елдер тізімінде 4-орында тұрған Швецияда 35 жастағы ер адам заңды тіркеген қаруымен оқу орнында оқ жаудырып, ондаған адамды жер жастандырды. Кейін өзіне қол жұмсады. Осы оқиғадан соң үкімет лицензия алу үдерісін қатаңдату, жартылай автоматты қару иеленуді шектеу және полиция мен дәрігерлер арасындағы ақпарат алмасу ісін жақсартуға мән бере бастады. Сондай-ақ мектептерде бейнебақылау орнату және адамдарды тінтіп кіргізу ұсынылған.

Қытайда қаруды жеке иеленуге тыйым салынған. Тек спортшылар, аңшылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне арнайы рұқсат қарастырылған. Елдің Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мәліметі бойынша былтыр қару мен жарылғыштарды қолдануға қатысты қылмыс 26 пайызға азайды. Полиция 88 мыңнан астам қаруды тәркілеп, 19 мың қылмысты әшкерелеп, ондаған топты жойған. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz