RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда қазақ жастарының халықаралық құрылтайы өтті

28.04.2025, 13:55 488

Анкарада алғаш рет қазақ жастарының халықаралық құрылтайы өтті.

Түркияда білім алып жүрген қазақстандықтар мен бауырлас елдерден келген студенттер тарихи жиында жүздесті. Құрылтайдың мақсаты ұлттық сана мен мәдени болмысты жаңғыртып, шетелдегі қазақ жастары арасындағы қарым-қатынасты нығайту. 

Анкара – түркі жұртының рухани астанасына айналған шаһар. Осында шетелде оқып жүрген  қазақ жастары  тұңғыш рет  бас қосты.   Қала көшелерінде домбыра үні естіліп, ұлттық нақышта киім киген жастар сән-салтанат құрды.  Түркияның Ескишехир, Сакария, Болу және Карабюк секілді өңірлерінен келген студенттер көк туды желбіретіп, ұлтқа деген сүйіспеншілігін паш етті.

Жастардың келуі, ту ұстап жүргендер, киіз үй макеттері

Жиын тек қазақстандықтармен шектелмеді. Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Түркиядан да студенттер қатысып, түркі дүниесінің тұтастығын көрсетті. Шараны ұйымдастырған – Түркиядағы белсенді қазақ жастары.

Ахметәлі Омар, Анкарадағы қазақ жастары бірлестігінің жетекшісі:

- Бүгінгі шарамызға шамамен 2,5 мың студенттей жиналып отыр. Түркияның әртүрлі қалаларынан алдырдық. Кейбіреулері өздері келіп отыр. Өте жақсы бағдарлама өтті.

Мәдени бағдарламалар да назардан тыс қалмады. "Отау" ансамблі ұлттық музыкалық туындыларды орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақстаннан арнайы шақырылған өнерпаздар  өнерлерін көрсетті. Жастар ән айтып, би билеп, халқымыздың салт-дәстүрін сахнада жаңғыртты.

Жанымхан Жаналтай, диаспора өкілі:

- Керемет жиналыс болып жатыр. Ыстамбұлда кеше жолға шығып, үш көлікпен келдік. Қанша жылдан кейін Түркияның астанасында осындай шара ұйымдастырылып отыр. Біз енді кеудемізді көтеріп, басымызды аспанға қаратып Түркияның астанасында жүрміз.

Ұлттық тағамдар көрмесі де жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. Бауырсақ, қымыз, ет тағамдарына қызығушылық жоғары болды. Киіз үй үлгісіндегі көрмеде дәстүрлі киім үлгілері  таныстырылды.  Арқан тарту, асық ату секілді ұлттық ойындар  ұйымдастырылды.

Рамазан Изоль, Түркі дүниесі жастар кеңесінің жетекшісі:

 - Қазақ және түркі әлемінің жастары Анкарада бас қосып, мәдениет пен өнер арқылы бауырластықты арттыруда. Мұндай іс- шаралар  көңіл көтеру үшін емес, болашақта түркі дүниесінің бірлігі мен ортақ мүддеге негізделген ынтымағына  жол ашады. Қатысушы жастар достасып, болашақта түрлі салада бірге қызмет ететін буын ретінде қалыптасуда. Осындай іс-шаралар түркі халықтарының қарым-қатынасын  тереңдететін және  жаңа буынды біріктіретін маңызды қадам деп есептеймін.

Махир Абдуллах Мухаммед,  студент:

- Бірінші рет осындай іс-шараға қатысып отырмын. Әртүрлі елден болса да бір ұлт секілді бірге әрекет етіп, селбесіп жатыр. Африкада да  ел көп.  Бірақ осылай бас қосып көрмеппіз. Бүгін сіздерді тануға зор мүмкіндік алдым.

Мирай Исмаил, диаспора  өкілі:

- Анам - қазақ. Осындай іс-шараларға келген сайын қуанам. Бүгін өзіме шашбау алдым. Арқан тартып, күшімді сынап көрдім.

Халықаралық жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, ТҮРКСОЙ ұйымы және Түркі жастары кеңесі қолдау көрсетті. Бұл -  жай ғана кездесу емес. Тамыры терең, тарихы ортақ халықтардың рухани сабақтастығын жалғаған алтын көпір. Қазақ жастарының осындай басқосулары енді дәстүрлі іс-шараға айналмақ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz