Қазақ жері – түркі жұртының талай тағдырлы ұрпағына пана болған қасиетті мекен.
1 мамыр – бейбітшілік пен келісімді ту еткен Қазақстан халқы үшін ерекше күн. Биыл бұл мейрам Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бізді Анкарада, президенттік резиденцияда жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан өзі құшақ жая қарсы алған Ялчын Топчу – күллі түркі жұртының сөзін сөйлеп жүрген белгілі саясаткер. Ол 1944 жылы Сталиндік қуғын-сүргінмен туған жерінен күштеп көшірілген месхет түріктерінің ұрпағы. Сол кезде елге арып-ашып әзер жеткен оның аталарын қазақ халқы бауырына басып, қолдан келген көмегін көрсеткен. Балалық шағында атасынан естіген сол бір суық күндердің оқиғалары Топчудың әлі де жүрегін сыздатады. Бұл естелік Ялчын Топчудың өмірлік ұстанымына айналған.
Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:
- Атам бұл оқиғаны жиі айтып отыратын. Қақаған қыста, аш-жалаңаш күйде мыңдаған ахысқаны вагоннан түсіріп кеткен. Не азығы, не киімі жоқ. Сонда қазақ ақсақалдары келіп, үйіне әкетіпті. Үйінен бір бұрыш беріп, барын бөліскен. Сол сәт – мен үшін бауырластықтың шын бейнесі. Біз бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз.
Бүгінде Ялчын Топчу – Түркия Президентінің ұлттар істері жөніндегі бас кеңесшісі. Түркі әлеміне қатысты маңызды шешімдердің ортасында жүрген қайраткер Қазақстанды түркі дүниесінің жүрегі деп бағалайды.
Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:
- Қазақстан – әр ұлт өз тілін, өз мәдениетін сақтап, тату тәтті өмір сүріп жатқан ел. Ассамблеяның құрылуы – көрегендіктің, даналықтың үлгісі. Демократия деген тек сөзбен емес іспен де көрініс табуы керек. Қазақ елі дәл осы жолды таңдады.
Бүгінде Қазақстанда 200 мыңнан астам ахысқа түрігі өмір сүріп жатыр. Олардың көбі – табысты кәсіпкер, білікті маман, қоғам қайраткері. Ялчын Топчу елге келген сайын қандастарының тұрмыс-тіршілігіне риза болып, жүрегі елжірейтінін жасырмайды.
Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:
- Ауылдарға барғанда біздің ұлттық тағамымыз – кете мен кыңкали жасап қарсы алады. Ана тілдерін де, қазақ тілін де ұмытпаған. Қазақтармен бауырындай араласып, бір үйдің баласындай өмір сүріп жатыр. Бұл бауырластықтың нақты дәлелі. Осы үшін қазақ халқына тағзым етем. Қазақстан – менің екінші Отаным. Ел Президентіне, мемлекет қайраткерлеріне және күллі қазақ еліне шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Бірліктеріңіз бекем, болашақтарыңыз жарқын болсын!
Бірлігі жарасқан елдің берекесі де баянды. Қазақстан сан ұлтты бір шаңырақ астына біріктіріп, тағдырларды тоғыстырған бейбіт ел. Ассамблеяның 30 жылдығы сол татулықтың, сол бауырластықтың алтын белесі. Ялчын Топчу сынды бауырлардың жүрекжарды лебізі соның айғағы.
Қазақ халқының дархандығы тарихтың тезінен өткен тағдырлы ұрпақтардың жүрегінде сақтаулы. Олар оны ұмытпайды. Біз де мақтан тұтамыз. Қазақстан тек туған ел емес, талай жұртқа бауыр басқан мекен.
Меруерт Қанағат
Тегтер #Қазақстан #1 мамыр #ҚХА 30 #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz