RU
Толық нұсқаға өту

Дубайда электрлі самокатпен жүрушілерге талап қатаңдатылды. LIVE

02.05.2025, 13:40 463

Былтыр Дубайда велосипед және электрлі самокатпен байланысты 250-ден астам апат тіркелді. Салдарынан 10 адам көз жұмып, тағы жүздеген тұрғын зардап шекті. Биыл да ахуал қайталанып отыр. Тек ақпан айында самокат тізгіндеген 2 адам абайсызда мерт болды. Осыған байланысты қала билігі заң талаптарын қатаңдатты. Араб жерінде енді самокат жүргізуге қандай жаңа шектеулер енгізілмек? Қолданыстағы заң талаптары қандай еді?

Рауан Мыңбай, тілші:

- Дубай – бүгінде электросамокаттар қаласы. Шаһар үлкен. Бір жерден екінші нүктеге жету оңай емес. Такси құны да қымбат болғандықтан, дубайлықтар шағын электрлі қозғалыс құралына көмегіне жиі жүгінеді. Тұрғындар үшін ол негізгі қатынас құралына айналған. Шектеулерге келсек, 16 жасқа толған азаматтар ғана жүргізе алады. Әр аумақта арнайы жолақтар қарастырылған. Метроға алып кіруге рұқсат жоқ.

Үлкен жолға шығуға болмайды. Егер мұндай жағдай анықталса, самокат иесіне қомақты айыппұл салынады. Жалпы қалада былтыр электросамокат жүргізушілері тарапынан 40 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелген. Қайғылы жағдай да болды. Бұл статистика билікті әбден алаңдатып отыр. Сондықтан болса керек, өткен жылы Дубай әмірлігі электрлі қондырғы жүргізушілеріне қатысты бірқатар шектеулер енгізді. Олардың бір бөлігі биыл сәуір айынан бастап күшіне енді.  

Мәселен, енді Дубай халқы өз скутерлерін қоғамдық көлікке алып кіргізе алмайды. Бұл ретте әңгіме метро жайында болып отыр. Сондай-ақ самокат иесінде жергілікті жүргізуші куәлігі болуға міндетті. Самокат не велосипедпен жүк немесе жолаушы тасымалдауға мүлдем болмайды. Арнайы бас киімсіз жүру заңбұзушылық болып саналады.

Ескере кететін жайт, Әмірлікте велосипед пен самокат көбіне жалға беріледі. Жол бойында арнайы тұрақтары баршылық. Міне сол іске жауапты мекеме кейінгі 1 жылда шаһарда велосипед пайдалану көрсеткіші 47 млн-ға, ал самокат жүргізу 32 млн-ға жеткенін хабарлады. Деректің өсуіне бір есептен жергілікті билік қолайлы жағдай туғызған. Себебі жеңіл қозғалыс құралы ірі шаһардың кептеліс мәселесін реттеуге сеп. Экологияға оң ықпалы бар. Сондықтан қолжетімділікті барынша арттырған. Қазір қалада жеңіл қозғалыс құралына арналған жолақтар көптеп салынып жатыр. Оның ұзындығын 1600 шақырымға жеткізу көзделген. Әзірге қала бойынша көрсеткіш 600 шақырымдай болады. «Жоба жүзеге асса, Дубай әлемдегі ең ірі вело және электрлі самокат қаласы атануы мүмкін», – дейді мамандар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz