RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанға араб елдерінен келетін турист саны ұлғайды

03.05.2025, 09:42 623

Қазақстанға араб елдерінен келетін туристер саны 62 пайызға ұлғайды.

Мұндай нәтижеге шет мемлекеттерде ұйымдастырылатын көрмелер мен роуд шоулар арқылы қол жетті. Енді еліміз Таяу Шығысқа қатынайтын жаңа әуе рейстерін ашып, визалық режимді жеңілдету жайын қарастырып жатыр. Бұл жөнінде Дубайда өткен «Arabian travel market» көрмесінде айтылды. 

Тылсым табиғат, кең байтақ жер, ұлттық құндылық және заманауи үндестік. Қазақстанды сан қырынан танытқан көрме Астана мен Алматы ғана емес, шетелдіктер жиі ат басын бұра бермейтін туристік бағыттарға арналды. Соның бірі аспан мен жер арасын жалғаған Байқоңыр. Ғарыш айлағына сапарлаймын деушілерге қазір бірегей мүмкіндік ұсынылып отыр. Дархан дала бойымен жүріп, табиғи әралуандылықты тамашалаудың жолы да бар.

Шырын Мусина, туризм саласы бойынша ұлттық компанияның басқарушы директоры:

- 2024 жылы қазақ жеріне Оманнан 15 мың мейман саяхаттады. Сол секілді Араб әмірліктерінен келушілер саны 14 мыңнан асты. Сауд Арабиясы, Бахрейн және Қатардан да туристер қарасы қалың. Алдағы уақытта әмірліктерде тұратын резиденттер үшін Қазақстанға визасыз қатынау мүмкіндігі пайда болады. Мәселе қаралып жатыр. Бұл істің өз кезегінде туризм индустриясына әсері мол болмақ.

Ауқымды көрмеге 55 мыңға тарта мейман жиналды. Басым бөлігі Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия мемлекеттерінен келген. Үш күн бойы Қазақстан павильонында адам аяғы арылмады. Аймақтардың әлеуеті жан-жақты таныстырылып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталды. 

Мухсин Кореши, саяхат саласындағы маман:

- Қазақтың ұлттық киімін алғаш рет киіп тұрмын. Өте жылы әрі жұмсақ екен. Қазақстанға барғанымда міндетті түрде басқа түрлерін сатып аламын. Көрме сіздің ел жайлы жан-жақты мағлұмат беріп жатыр. Әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп, көп мейман алып баруға тырысамын. 

Араб жұрты қазір Қазақстан десе ең алдымен Алматының қысқы туризмі мен тау-шаңғы аймақтарын атайды. Бұл бір есептен оңтүстік астанамыздың биік беделін көрсетеді. Сондықтан Дубайда Алматының арнайы туристік күндері ұйымдастырылды. Қазақы мәдениеттің бір бөлшегі көрініс тапты. Шаһар билігі мен әмірлік компаниялары арасында жаңа саяхат турларын ашу жөнінде келісім жасалды. 

Ғазиз Төлебек, Алматы қаласы туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Алматы қаласы туризм қарқынды дамуда. 2024 жылы қалаға 2 млн 340 мың мейман келді. Бұл рекорд. 2023 жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға туристердің келуі ұлғайды.

Тарик Али, туристік компания басшысы: 

- Алматыда туристік өкілдік ашуды жоспарлап отырмын. Бүгінгі іс-шарадан кейін осындай ойға келдім. Мен басқаратын компания Азия және Еуропа мемлекеттеріне араб саяхатшыларын тасымалдайды. Енді осы істі Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асырамыз.

Жалпы осы күні Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында аптасына 50 әуе рейсі орындалады. Олардың саны тағы ұлғаюы мүмкін. Бұл үрдіс инвесторлардың туризм секторына қызығушылығын арттырып, қонақүй, қызмет көрсету салаларына қосымша қаржы құюына септігін тигізіп жатыр.

Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz