8 мамырды АҚШ, Ұлыбритания және Батыс Еуропа мемлекеттері Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күні деп біледі.
Айтулы дата Кәрі құрлықтың көптеген елінде, әсіресе, Франция, Германия, Польша, Нидерланд, Ұлыбритания үшін зор маңызға ие. соғыстың аяқталғанына 80 жыл өтсе де, оның зардабы ұмытылмайды.
Сол уақтағы уақиғалар жайында зерттеп болмаса, сол заманға тиесілі заттарды жинап естелікке сақтап жүргендер көп. Тіпті мұндай заттар қолдан қолға өтіп, аукциондарға шығарыла бастаған.
Кейінгі 10 жыл ішінде әлемнің ең ірі аукциондарында Sotheby’s, Bonhams, Heritage Auctions майданда пайдаланылған мыңдаған заттар сатылған.
Соғыс кезінен қалған әскери жәдігерлерге сұраныс жоғары
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі заттар нарығының жалпы құны 100 миллион доллардан асуы мүмкін. Ең көп сұранысқа ие – Кеңес Одағы Батырына берілген медаль. «Алтын Жұлдыз» аукциондарға жиі шығарылады. SovietOrders бәссаудасында бірнеше медаль 10–15 мың еуро аралығында сатылған. Бұл біздің ақшаға шаққанда 5,8 миллион теңге. Сарбаздар қолданған қарулар, пулеметтер мен винтовкалар 1000-нан 50000 долларға дейін бағаланып жүр. Жоғары дәрежелі офицерлердің формасы 2000 мен 20000 доллар аралығында сатылады. Ал әйгілі T-34 танкінің құны бірнеше миллион долларға дейін барады. Тіпті Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты құжаттар, айталық, Черчилльдің хаттары мен қолжазбалары аукциондарда 100 мың долларға дейін бағаланған. Бұл құжаттар көбіне Sotheby’s және Christie’s сияқты аукциондарда үлкен сұранысқа ие.
Кей елдерде әскери заттарды сатуға шектеу бар
Майданнан жеткен заттар сирек кездесетіндіктен, халықаралық нарықта құнды әрі тарихи маңызға ие. eBay, Etsy, Amazon сияқты онлайн-дүкендер әскери жәдігерлерді сатылымға шығарғанда бірқатар талаптарға сай кей символикаларды алып тастайды. Ал түпнұсқаның көшірмесі бәссаудаға қойылса, бұл алаяқтық әрі заңбұзушылық деп есептеледі. Көп елде қолданыстан шығып қалған қару-жарақ пен тарихи киімдерді коллекциялық мақсатта сатуға рұқсат етіледі. Жалпы мұндай жәдігерлерді алып сату кезінде әр елдің заңын, этикасын және тарихын ескеру маңызды.
Әскери жәдігерлерді көбіне мұражайлар сатып алады
Еуропалық коллекционерлер көбіне медаль, әскери форма, қару-жарақ, фотосурет, құжат, шлем сияқты заттарды жинайды. Нарықта мұндай жәдігерлердің бағасы жыл сайын өсіп келеді. Өйткені оларға сұраныс бар. Әсіресе, мұражайлар тарапынан. Мысал ретінде Нормандия, Берлин, Варшава сияқты шаһарлардағы Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы мемлекеттік және жеке музейлерді айтуға болады. Олар артефактілерді сатып алып, бүлінгендерін қалпына келтіріп, арнайы көрмелер де ұйымдастырып тұрады.
Тегтер #Еуропа #Жеңіс күні #Екінші дүниежүзілік соғыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz