RU
Толық нұсқаға өту

Сеулде ата-аналар бала арбасымен жаппай жүгіріп жарысты

10.05.2025, 10:20 408

Оңтүстік Корея астанасында ерекше жарыс өтті, деп хабарлайды 24KZ. Сеулдің қақ ортасында жүздеген ата-ана балаларын арбаға салып, жүгіріп сайысты. Олармен бірге Сеул әкімі де жүгірді.

Жарысқа 4 жасқа дейінгі баласы бар отбасылар қатысты. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік шараларын барынша күшейтті. Балалардың арбалары тексеріліп, сайыс өтетін көшелерде көлік қозғалысы тоқтатылды. Сайысқа қатысушыларды дәрігерлер мен құтқарушылар бақылап тұрды. Жарыстың басты мақсаты – жастарды отбасын құруға және бала сүюге ынталандыру.

О Се Хун, Сеул қаласының әкімі:

- Бұл іс-шара алғаш рет өткізіліп отыр. Оған мыңға жуық отбасы қатысуға ниет білдірді. Келесі жылы қатысушылардың санын 3 мың, тіпті 10 мыңға дейін арттырсақ дейміз. Біз бұл қызықты сайысты жас отбасылар балаларымен серуендеп, спортпен бірге шұғылданудың қаншалықты бақыт екенін ұғынатындай ауқымды мерекеге айналдырғымыз келеді.

Қатысушылар екі топқа бөлінді: біріншісі – қояндар, яғни жүгіргендер, екіншісі – тасбақалар, жай жүріп өткендер. Жарыс жолы 5 шақырымға созылып, оны еңсергендер медаль және дәмді сыйлықтармен марапатталды.

Чо Мин Джи, Сеул қаласының тұрғыны:

- Иә, екі баланы тәрбиелеу оңай емес. Бірақ мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың көмегі көп. Әкімдік отбасылар үшін осындай қызықты іс-шаралар ұйымдастырып қана қоймай, ай сайын күнделікті шығындарына қаржы бөліп жәрдемдеседі.

Жарыс кезінде кореялық ІТ мамандарының өнертабысы – адамның қасында өздігінен еріп жүретін «ақылды арба» көрсетілді.

Ким Дон Хо, компания президенті:

- Әдетте арбаны итеріп жүру керек. Бұл аналарға біршама қиын. Ал робот арба сол қиындықты жеңілдетеді. Біздің арбамыз 3 пен 6 жас аралығындағы балаларға арналған. Ол аударылып қалмайтындай етіліп жасалған. Сондықтан қауіпсіздігіне кепілдік береміз.

Сеулде жастарды бала сүюге жарыс арқылы ғана емес, басқа да жолдармен ынталандырып жатыр. Былтыр қала мэриясы байқау ұйымдастырып, 8 отбасыны арнайы елші ретінде таңдап алды. Олар әлеуметтік желілердегі парақшаларында сәбидің тәтті қылықтарымен бөлісіп отырды. Ал нәрестелері отбасылық құндылықтарды насихаттайтын бейнероликтерге түсті. Бұл үшін ата-аналарға қаламақы да төленді. Биліктің қолға алған ісі жемісін беріп, өткен жылы Сеулде туу көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 9% өсті.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz