Ұлыбританияда Ежелгі Мысыр тақырыбына арналған виртуалды көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Оның әр сеансы бір жарым сағатқа жалғасады. Осы уақыт ішінде келушілер Мысыр тарихымен таныса алады.
Виртуалды көрме Лондонда өтіп жатыр. Оны ұйымдастыруға тарихшылар мен мысыртанушылар қатысқан. Көрме технологиялық шоу ретінде жасалған. Келушілер голограммалардың көмегімен өздерін ежелгі Египетте жүргендей сезінеді. Кейбір бейнелердің биіктігі 8 метрге дейін жетеді.
Йелле де Йонг, көрме орталығының бас директоры:
- Тутанхамон туралы бәрі естіген болар. Бірақ көбі ол туралы не білесіз дегенде қосымша ақпарат бере алмай жатады. Ал біз көрме келушілеріне голограмма түрінде перғауын жайлы көп ақпарат ұсынамыз. Ол тек ересектерге ғана емес, балаларға да қызық.
Көрме 2500 шаршы метр аумақта өтіп жатыр. Онда 3D технологиялардан бөлек біздің заманымызға дейінгі 4 мың жыл бұрынғы жәдігерлер көрсетілген. Олардың басым бөлігін 1923 жылы Тутанхамон мазарындағы қазба жұмыстары кезінде ағылшын археологы Говард Картер тапқан екен.
Ачо Арес, көрме жетекшісі:
- Көрме, әсіресе, балалар арасында үлкен қызығушылық тудырып жатыр. Олар түрлі технологиялардың көмегімен өздерін көне заманда жүргендей сезінеді. Бұл естеліктері ұзақ жылдарға сақталатынына күмәнім жоқ.
Лондондағы көрме маусымның соңына дейін жалғасады. Бұған дейін ол Германия, Австрия, Египетте өтіп, оны 2 миллиондай адам тамашалаған.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Асель Абдыкалыкова
Тегтер #ЛондонPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz