RU
Толық нұсқаға өту

Кореяда президенттік сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны басталды

12.05.2025, 14:05 403

Оңтүстік Кореяда бүгін президенттік сайалу алдындағы үгіт-насихат науқаны басталды.

Саяси дода 3 маусым күні өтеді. Елдің жоғарғы лауазымы үшін жеті үміткер бақ сынағалы отыр. Алдағы сайлауға қатысатын кандидаттарға қатысты қандай болжамдар бар? 

- Президент сайлауында негізгі бәсеке қандай кандидаттар арасында жүруі мүмкін?

Владислав Цой, тілші:

- Өздеріңіз айтқандай, үміткерлер саны жетеу. Дегенмен, негізгі тартыс консервативті «Халық күші» партиясы мен либералды «Тобуро» партиясының өкілдері арасында өтеді. Бюллетеньде бірінші нөмірмен тіркелген кандидат – Ли Чже Мён. Ол «Тобуро» либералды партиясының жетекшісі. Бұл – тәжірибелі саясаткер, ол өткен президенттік сайлауда бұрынғы Президент Юн Сок Ёльге өте аз дауыспен жеңіліп қалған болатын. Бірақ осыған дейін Ли Чже Мённың сайлауға қатысуы біраз күмән  тудырған. Өйткені, оған жемқорлық пен сайлау заңнамасын бұзу бойынша екі сот тыңдауы белгіленген еді. Алайда сот бұл тыңдауларды сайлаудан кейінгі мерзімге шегерді. Егер Ли Чже Мён Президент болып сайланса, оның мемлекет басшысы ретіндегі иммунитетке ие олып, оған қатысты тергеу тоқтатылады. 

Екінші кандидат Ким Мун Су. Ол Юн Сок Ёль үкіметінде еңбек министрі болған. Ол өткен демалыс күндері ғана кандидат ретінде тіркелді. Партияішілік сайлауда ол Президент міндетін атқарушы қызметінен кетіп, сайлауға түскен бұрынғы премьер-министр Хан Док Суды басып озды. Ким Мун Су өз науқанын Сеулдің Гарак базарындағы сатушылармен кездесуден бастады. Ол 10 сайлауалды уәдесін жариялады. Бүгіннен бастап кандидаттар үгіт көліктері мен дауыс зорайтқыштарды пайдалана алады. Қоғамдық орындарда таңғы 7-ден кешкі 9-ға дейін сөз сөйлеуге рұқсат бар.

- Қоғамдық пікірге жасалған сауалнамалар не көрсетіп отыр? Қай үміткер көш бастап тұр?

- Realmeter агенттігі жариялаған соңғы сауалнамаға сәйкес, егер сайлау бүгін өтсе, сайлаушылардың 52 пайыздан астамы Ли Чже Мёнға дауыс берер еді. Консерватор Ким Мун Суға 31 пайыздан астамы қолдау көрсеткен. Үшінші орында – ең жас кандидат, 40 жастағы Ли Чжун Сок. Оның көрсеткіші 6 пайыздан сәл жоғары. Ол «Халықтың күші» партиясының бұрынғы жетекшісі. Бірақ ол партия ішіндегі келіспеушіліктен кейін консерваторлар қатарынан шығып, жаңа реформашыл партия құрды. Сарапшылардың айтуынша, Ким Мун Су мен Ли Чжун Сок Юн Сок Ёль мен Ан Чхоль Су секілді бірігуі мүмкін. Алайда Ан Чхоль Су бұл мүмкіндікті жоққа шығарды.

Айта кетейін, консерваторлар мен либералдардың саясаты айтарлықтай ерекшеленеді. «Халықтың күші» партиясы АҚШ және Жапониямен стратегиялық одақты қолдайды. Бұл партия билікке келгенде Солтүстік Кореямен қатынас шиеленіседі. Ал либералдар Пхеньянмен әрқашан достық байланыста болады. «Тобуро» партиясынан Президент болған Мун Чже Ин кезінде Пхеньянға ресми сапармен барған. Сыртқы саясатта либералдар Қытай және Ресеймен тығыз байланыс орнатуға ұмтылады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz