Үндістан Пәкістанға аздап су бере бастады.
Екі ел оқ атпау режимін енгізгеннен кейін осындай шешім қабылданған. Сарапшылар ядролық қаруға ие көрші қос мемлекет енді толық тіл табысуы мүмкін деп есептейді. Айта кетейік, Үндістан 7 мамырда Кашмирдің Пәкістан жағындағы бөлігі мен басқа нысандарға шабуыл жасаған болатын. Нью-Дели бұл жерлерде 22 сәуірде үндінің ПахалгАм қаласындағы туристерді өлтірді деген күдіккке ілінген қарулы топ бекінген дейді. Осыдан кейін Пәкістан қарымта қайтарып, ондаған бейбіт тұрғынды жер жастандырды.
Үндістан Пәкістанмен шекаралас Чинаб өзеніндегі бөгеттің бір қақпасын ашты. Лаңкестік шабуылға байланысты Нью-Дели 4 мамырда су беруді тоқтатып, екіжақты келісімді бұзған болатын. Пәкістан бөгет толық ашылады деп сенеді.
Пәкістан
Шахбаз Шариф, Пәкістан премьер-министрі:
"Суды ортақ пайдалану, Кашмирдегі жағдай мен басқа да даулы мәселелер әділ түрде бейбіт келіссөздер арқылы шешіледі деп сенеміз."
Чинаб су алабын бірлесіп пайдалану туралы келісім бар. Оған 2 ел Дүниежүзілік банктің арағайындығының арқасында 1960 жылы қол қойған. Мәміледе Инд өзенінің шығыстағы салаларына Үндістан, ал батыс тармақтарына Пәкістан иелік етеді деп бекітілді. Сарапшылар осылай суға қатысты дауға нүкте қойылды деп есептеген еді. Бірақ қазір Үндістан аталған келісімді Пәкістанға қысым жасау құралы ретінде пайдаланып отыр.
Чьетидж Баджпаи, халықаралық қатынастардың корольдік институтының ғылыми қызметкері:
"Саяси және геосаяси қақтығыстар кезінде суды басқару тұрақтылығы сақталады деген идея болған. 1965, 1971 және 1999 жылдары, сондай-ақ кейінгі 20 жылда суға қатысты бірнеше жанжал туындады."
Сарапшы бөгеттің бір қақпасының ашылғаны екі ел арасындағы шиеленісті жағдайды едәуір тұрақтандырды дейді. Бірақ бұл су дағдарысын шешу үшін әлі де жеткіліксіз. Сондықтан мамандар әліптің артын бағып отыр.
Ернат Рахметолла
Тегтер #Үндістан Пәкістан #су мәселесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz