RU
Толық нұсқаға өту

Немрут тауы – көне ескерткіштер мен тарихтың мекені

14.05.2025, 10:11 565

Тарихты тасқа жазған ел көп. Соның бірі Түркия. Оның оңтүстік-шығысында орналасқан Немрут тауы әлем назарын аударған ерекше орын. Мұнда адам қолымен жасалған ең биік кесене, яғни, дүниежүзіндегі ең биік жасанды төбе бар.

Оның биіктігі50 метр, тау етегінің ауданы 3 гектар, ал диаметрі 152 метрге жуық. Бұл нысан Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ымыртта, күн ұясына батар сәтте бұл мекен табиғат тылсымына тартып, тарихпен үнсіз тілдесуге шақыратындай әсер қалдырады.

Меруерт Қанағаттың репортажы. 

- 2150 метр биіктікте орналасқан Немрут – тарихи ескерткіш қана емес, адам қолымен тұрғызылған әлемдегі ең биік кесене. Таңғажайып құрылыс Гиннестің рекордтар кітабына енген және Коммагена патшалығының мәңгілік мұрасы ретінде сақталған. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген бұл орын өз уақытында патша I. Антиохтың құдайларға және өзіне деген құрметін білдіретін ескерткіштермен безендірілген. Немрут тауы – өз дәуірінің ғылыми, діни және мәдени мұрасының айғағы.

Бұл Немрут. Тарихшылар оны «Патшалар тауы», туристер «Инстаграм фоны» деп атайды. Бірақ мұнда келгенде бір нәрсе анық: тас мүсіндер тіпті таудан да мықты естелік қалдырып кетіпті. Мұнда әр тас хат. Әр мүсін монолог. Тек тыңдай білсеңіз болды. Түріктер айтып жатады ғой: «Görmek yetmez, hissetmek lazım»,«көру жеткіліксіз, сезіну керек».

Жаффан Назаретх, турист:

- Біз Түркияның көптеген жерін араладық, бірақ Немруттағы тыныштық пен тарихтың салмағы басқаша сезіледі. Бұл жерде өзіңмен де, өткенмен де үнсіз сөйлесесің.

Рана Захра, турист:

- 11 айлық нәрестеммен тауға шықтық. Мұнда көзбен көру жеткіліксіз, жүрекпен сезіну керек. Күннің батуы – жәй ғана табиғат құбылысы емес, эмоциялық жарылыс сияқты әсер қалдырады.

Немрут тауының шыңында орналасқан ескерткіштер кешені үш терраса мен 50 метрлік жасанды төбеден тұрады. Мұнда орналасқан мүсіндер құдайлар мен патшалардың бейнелері, олардың әрқайсысы өз дәуірінің мәдениетінен сыр шертеді. Бұл ескерткіштер көне грек, парсы және басқа да мәдениеттердің көрінісінен хабар береді. Ал, тауға көтерілу үшін соңғы 300 баспалдақты жаяу жүріп өту керек.

Блиц:

- Жай ғана ескерткіш емес. Қарасаң, өзіңді кішкентай, ал тарихты шексіз сезінесің. Бұл жер маған  кітап оқудан да терең әсер қалдырды.

Таудағы ең үлкен мүсіндердің салмағы 8-10 тонна тартады, олардың көбінің басы денесінен бөлініп қалған. Сырын ішіне бүккен  ескерткіш-мүсіндер мыңдаған туристті өзіне тартуда. Бұл жерде төрткүл дүниеден келген жиһанкездермен қатар діни рәсім жасаушы демалушыларды да кездестіресіз.

Блиц 2:

- Бұл аспап – ерекше саз. Мен, осында келіп ойнағанда, өзімді сол заманда жүргендей сезінемін. Немрут – мен үшін сахна емес, діни рәсім өтетін орын сияқты.

Немрут тауының баурайынан көз тастасаңыз, көкжиекте көне дәуірдің тағы бір куәгері – Евфрат өзені ағып жатыр. Таяу Шығыста талай өркениетті өрбіткен бұл өзен ежелгі Месопотамия мен Анадолы тарихының ажырамас бөлігі. Евфрат өзені – тек табиғи ресурстардың көзі ғана емес, мәдениеттердің, өркениеттердің тоғысқан жері. 

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Немрутта күннің батуын көру – бір өмірде бір рет болар ерекше сәт. Бұл тек табиғат көрінісі емес, бұл – көне өркениетпен үндесу, тарихпен тілдесу.

Авторы: Меруерт Қанағат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz