Жақында Ыстанбұлда болған 6,2 балдық жер сілкінісі тұрғындардың баспанаға деген көзқарасын өзгертті, деп хабарлайды 24KZ. Қазір көпқабатты үйден гөрі жеке баспана мен жер теліміне сұраныс артқан. Сарапшылар жылжымайтын мүлік нарығында пайда болған жаңа үрдіске қауіпсіздік мәселесі әсер етті деп санайды.
Түркияда тұрғын үй нарығы соңғы аптада күрт өзгерді. Ыстамбұлдағы жер сілкінісінен кейін жергілікті халық орталықтан қала сыртына көшуді ойлап, жеке үйлер мен жер телімдерін іздей бастаған. Тіпті автокеруен мен контейнер баспанаға қызығушылық артқан.
Батухан Бахытлы, жылжымайтын мүлік сарапшысы:
- Жер сілкінісі – Түркия үшін үйреншікті жағдай. Соңғы оқиғалардан кейін халық «Б жоспарын» құра бастады. Қала сыртындағы телімдерге сұраныс артты, сәйкесінше баға да өсті. Жердің құны орнына қарай 3 мыңнан 15 мың лираға дейін. Жаңа үйлер мен рұқсаты бар құрылыс орындарына да қызығушылық жоғары.
Сейсмикалық қауіпсіздікті ескерген билік те шұғыл әрекетке көшті. Түркияның экология, қала құрылысы және климат өзгерісі министрлігінің мәліметінше, жер сілкінісінен кейін 452 мың ғимарат тексерілген. Олардың 354 мыңы бүлінген, 61 мыңына жеңіл зақым келген. Дегенмен Түркия халқының 71%-і сейсмикалық қауіпті аймақта тұрып жатыр.
Мурат Курум, Түркияның Экология, қала құрылысы және климат министрі:
- 2000 жылға дейінгі ғимараттардың бәрі дерлік қауіп төндірді. Қазір Ыстанбұлдың 60%-і қауіпсіз. Бірақ 600 мыңдай үйді шұғыл жаңарту қажет. Осыған орай «Жартысы бізден» атты жаңа бағдарлама іске қосылып, 450 миллиард лира инвестиция салынды.
Тұрғындардың дені қала сыртынан шағын үй салуға бет бұрған. Контейнер үй мен автокеруен таңдаушылар да көп. Бағасы 160 мыңнан 15 миллион лираға, теңгеге шаққанда 210 мыңнан 200 миллионға дейін. Бірақ заң жүзінде ондай үйді кез келген жерге орнатуға болмайды, тек туристік және экотуристік аймақтарда ғана рұқсат етіледі. Ыстанбұлда зілзаладан кейінгі үрей жаңа нарық қалыптастырды. Бастысы – қауіпсіздік. Ал оны іздеген жұрт үшін көпқабатты зәулім үй емес, табаны берік, қабырғасы сенімді шағын баспана маңыздырақ.
Тегтер #Ыстанбұл #жер сілкінісі #зілзала #жер үй #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz