Төрткүл дүниенің назарын аударған Ыстамбұлда Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздер санауды сағаттан кейін басталады.
Халықаралық қауымдастық бұл кездесуден қарулы қақтығысты тоқтатуға және тараптардың диалогқа қайта оралуына үміт артып отыр.
Келіссөздерге кімдер қатысады? Екі ел басшыларының өзі келе ме? Тараптардың негізгі талаптары қандай?
- Түркия бұл келіссөздерде тек алаң ұсынушы емес, сонымен қатар белсенді делдал. Президент Ердоғанның араағайындық ролі қандай? Бұл келіссөздер аясында Анкара қандай бастамалар көтеріп отыр?
- Түсінікті. Ал сарапшылар бұл келіссөздерден нақты қандай нәтиже күтеді? Жалпы үміт бар ма?
Енді Вашингтонға ойыссақ. Бүгінгі кездесудің болуына АҚШ-тың мұрындық болғаны көпке белгілі. Трамптың өзі Путин Ыстамбұлға барса, мен де жиынға қатысамын деп Түркияға баратынын айтқан еді. Енді америкалықтар қандай пікірде?
- Белгілі болғандай, Украина президенті Владимир Зеленский Ыстамбұлға емес, Анкараға келеді. Ол жақта Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен жеке кездесу өткізбек. Бұл кездесу келіссөздерге қалай әсер етуі мүмкін?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Мен қазір Ыстамбұлдың тарихи Долмабахче сарайының алдында тұрмын. Бүгін дәл осы жерде Украина мен Ресей делегациялары арасындағы бейбіт келіссөздердің кезекті кезеңі өтпек. Бұл жолы қос мемлекеттің басшылары қатыспайды. Ресей делегациясын президент Путиннің кеңесшісі Владимир Мединский бастап келген. Құрамында Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің орынбасарлары, жоғары деңгейдегі әскери сарапшылар бар. Украина делегациясын Сыртқы істер министрі Андрей Сыбиха, Қорғаныс министрі Рүстем Умеров және Президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак бастап келді. Негізгі талаптар мынадай: Украина аумақтық тұтастығын, қауіпсіздік кепілдігін және шетел әскерінің ел аумағынан толық шығарылуын талап етуде. Ресей жағы Украинаның бейтарап мәртебесін, Қырымды Ресейдің құрамында тануын және Донбасс мәселесін жеке келісіммен шешуді көздеп отыр.
- Түркия бұл келіссөздерде тек алаң ұсынушы емес, сонымен қатар белсенді делдал. Президент Ердоғанның араағайындық рөлі қандай? Бұл келіссөздер аясында Анкара қандай бастамалар көтеріп отыр?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Иә, дәл солай. Түркия бұл келіссөздерде бейтарап делдал ретінде ерекше рөл атқарып отыр. Президент Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен ұйымдастырылып отырған бұл кездесу — екі тарапқа да тең дипломатиялық алаң ұсынуға бағытталған. Бұған дейін астық дәлізі келісімін іске асыруда да Түркия маңызды рөл ойнаған еді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жолы да Анкараның делдалдық миссиясы аймақтық тұрақтылыққа ықпал етуі мүмкін. Осыған қатысты түрік сарапшылары не дейді – назар аударайық.
Кадир Эртач Челик, Анкара дағдарыс және саясатты зерттеу орталығының сарапшысы
- Түркия 2022 жылдан бері Украина мен Ресей арасындағы қақтығыста теңгерімді саясат ұстанып келеді. Украина аумақтық тұтастығын қолдағанымен, Ресеймен де байланысын үзбеді. Бұл Анкараны сенімді араағайын ретінде мойындатты. Түркия алғаш рет 2022 жылы қос елдің сыртқы істер министрлерін Антальяда кездестіріп, кейін астық келісімін жүзеге асыруда бастамашы болды. Енді 15 мамырда Ыстамбұлда өтіп жатқан саммит – бейбітшілікке бағытталған тағы бір маңызды қадам.
- Ал сарапшылар бұл келіссөздерден нақты қандай нәтиже күтеді? Жалпы үміт бар ма?
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Сарапшылар бұл жолы түбегейлі бейбіт келісімге қол жеткізіледі деп күтпейді. Дегенмен, тараптардың диалогқа қайта отыруы – соғысты саяси арнаға бұру жолындағы нақты қадам. Қақтығысты уақытша болса да "мұздату" және атысты тоқтату – маңызды жетістік болмақ. Бұл жөнінде халықаралық қатынастар сарапшысы Есма Өздашлы не дейді – тыңдайық.
Есма Өздашлы, саясаткер, халықаралық қатынастар сарапшысы:
- Қазіргі жағдайда толық бейбіт келісімге келу қиын, бірақ бұл келіссөздер – соғысты тоқтатуға бағытталған алғашқы шынайы қадам. Егер келісімге келінбесе, қақтығыс ұзаққа созылып, геосаяси дағдарыстар тереңдей түседі. Украинадағы пайдалы қазбалар үшін бәсеке, азық-түлік пен энергия қауіпсіздігі мәселелері өзекті бола береді. Ең бастысы, атысты тоқтатып, саяси шешімдерге жол ашу. Бұл саммит сол жолдағы нақты кезең.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Таяу шығыста миллиардтаған долларға бағаланатын келісімдерді бірінен кейін бірін қанжығасына байлап келе жатқан Трамптың есебі дәл Путинге келгенде дөп түспей қалғандай. Сауд Арабиясына сапары алдында бұл кездесуден зор үміт күтетінін, және өзі де жоспарынан тыс түрде Ыстамбұлға барып қалуы мүмкін екендігін айтқан еді. Бірақ әзірге тек АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бастаған делегацияның Анадолы жеріне аяқ басқанын біліп отырмыз. Антальядағы НАТО жиынына келген Рубио Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен бірге Ресей-Украина кездесулеріне де қатысады деп жоспарланған. Ресей президентінің Түркияға келмеуінен АҚШ президентінің Украина мен Ресейге қатысты көзқарасының өзгеруін байқауға болады дейді сарапшылар. Өздеріңіз білетіндей, Зеленский мен Трамптың Ақ үйдегі дауында АҚШ президенті украиналық әріптесін келіссөзге барғың келмейді деп кінәлағаны есімізде. Бірақ келісімге барғысы келіп, Түркияға ұшып келген президент Путин емес, тағы да Зеленский болып отыр. Осы орайда АҚШ сенаторларының Ресейге қосымша санкция салуының ықтималдығы артып келе жатқанын ескерткім келеді. Оңтүстік Каролина штатынан шыққан республикашыл сенатор Ресейге қарсы қатаң экономикалық шараларды жүзеге асыру үшін арнайы заң жобасына қазір дауыс жинап жатыр. Мұндағы елең еткізер жайт: Ресейдің мұнай, газ, уран және басқа да өнімдерін импорттайтын елдерден келетін тауарларға 500 пайыздық тариф салу ұсынылады. Бұл қадам Қытай, Үндістан және Иран сынды елдерге қатты әсер етуі мүмкін. Әзірге Трамп қос партиядан шыққан мұндай ұсынысты ресми түрде қолдаған жоқ. Алайда бүгінгі кездесудің нәтижесі АҚШ президентінің көңілі қайда қарай бұрылатынына ықпал етуі әбден мүмкін. Тіпті АҚШ-тың вице президенті айтқандай, Вашингтон келіссөздерден мүлдем шығып кетуі де әбден мүмкін.
Белгілі болғандай, Украина президенті Володимир Зеленский Ыстамбұлға емес, Анкараға келеді. Ол жақта Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен жеке кездесу өткізбек. Бұл кездесу келіссөздерге қандай әсер етуі мүмкін?
Меруерт Қанағат:
- Зеленскийдің Анкараға сапары Ыстамбұл келіссөздеріне параллель жүріп жатқан дипломатиялық миссияның бір бөлігі. Ердоған мен Зеленскийдің кездесуінде қауіпсіздік, гуманитарлық көмек және соғысты саяси жолмен реттеу жолдары қарастырылады деп күтілуде. Түркия бұған дейін Украинаға гуманитарлық көмек көрсетіп келген. Бұл кездесу екіжақты ынтымақтастықты күшейтіп қана қоймай, бейбіт келіссөздерге де жанама ықпал етуі мүмкін.
Ыстамбұл мен Вашингтоннан тікелей байланысқа шыққан әріптестеріміх Меруерт Қанағат пен Ердана Ержанұлы болатын. Келіссөздердің барысын назарда ұстап, хабардар етіп отырамыз.
Тегтер #Украина #Ресей #бейбітшілік #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz