RU
Толық нұсқаға өту

Ыстамбұлдағы келіссөз АҚШ назарында. LIVE

15.05.2025, 19:26 364

Бүгінгі кездесудің өтуіне АҚШ тікелей ықпал еткені рас. Алғашқыда Трамп Ыстамбұлға баруы мүмкін екенін айтып, кейіннен Ресей президентінің жоспарына қарай келмейтінін хабарлады. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Иә, жалпы есебі 4 триллион долларға бағаланатын келісімдерді қанжығасына байлап келе жатқан Трамп қазір Қатар әмірімен кездесіп болып, Біріккен Араб Әмірліктеріне беттеді. Жалпы ол Сауд Арабиясына сапары алдында Ыстамбұлдағы кездесуден зор үміт күтетінін және өзі де Ыстамбұлға барып қалуы мүмкін екендігін айтқан еді. Бірақ бүгін олай болмағанын көріп отырмыз. Қатардағы сапарында журналистермен сөйлесіп тұрып, жұма күні Ыстамбұлға барып қалуы мүмкін екенін айтты. «Путин мен бармаған соң бармай қалды», - деді. Әзірге тек АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бастаған делегацияның Анадолы жеріне аяқ басқанын біліп отырмыз. Антальядағы НАТО жиынына келген Рубио бейбіт келісімнің мүмкін екендігін және қазір Ресейдің оны қалар-қаламасын тексеріп жатқанын айтты.

Марко Рубио, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Қазір Ресейдің қандай әрекетке барарын бақылап, күтіп отырмыз. Мәскеу біздің бейбіт келісімге қатысты позициямызды жақсы біледі. Түркиядағы әрекетіне қарап, олардың расымен соғысты тоқтатуды қалайтынын білгіміз келеді. Ал егер олар уақыт жағынан ұтып, соғыста ілгері шығуды көздесе, онда АҚШ президенті мұндай қақпанға түспейтінін ескертемін. Біз бітпейтін келіссөздер сериясын жасап, біреудің шашбауын көтергіміз келмейді. Егер Ресей бейбіт келісімге ұмтылса, біз де барынша сол бағытта жұмыс істейміз. Олай болмаса, басқаша әрекет ету керек. Қазір бейбіт келісім мүмкін деп есептейміз, бірақ Мәскеу оны қалай ма жоқ па, сұрақ осында. Олардың сөзі емес, ісіне назар аударып отырмыз.

Осы орайда АҚШ сенаторларының Ресейге қосымша санкция салуының ықтималдығы артып келе жатқанын ескерткім келеді. Оңтүстік Каролина штатынан шыққан республикашыл сенатор Линдси Грэм Ресейге қарсы қатаң экономикалық шараларды жүзеге асыру үшін арнайы заң жобасына қазір дауыс жинап жатыр. Мұндағы елең еткізер жайт: Ресейдің мұнай, газ, уран және басқа да өнімдерін импорттайтын елдерден келетін тауарларға 500%-тік тариф салу ұсынылады. Бұл қадам Қытай, Үндістан және Иран сынды елдерге қатты әсер етуі мүмкін. Әзірге Трамп қос партиядан шыққан мұндай ұсынысты ресми түрде қолдаған жоқ. Алайда осы жолғы кездесудің нәтижесі АҚШ президентінің көңілі қайда қарай бұрылатынына ықпал етуі әбден мүмкін. Тіпті АҚШ-тың вице президенті Вэнс айтқандай, Вашингтон келіссөздерден мүлдем шығып кетуі де әбден мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz