RU
Толық нұсқаға өту

Жарықшамнан жыл сайын мыңдаған аң-құс қырылады

16.05.2025, 07:46 404

Күндізгідей жол көрсетіп тұрған жарықшамның пайдасы мен қатар қаупі де зор. Бұл қауіп жер шарының төрттен бір бөлігін қамтиды. Өйткені адам жасанды сәулені тым артық пайдаланады. Тіпті жарқыраған көше шамдары тұрмақ, үйдегі экранның сәулесі де тіршілік атаулыға қатер.

Әлем халқының 80% осы түнгі жарықтың кері әсерін сезінеді. Бірақ одан бас тартып жатқан ешкім жоқ. Жыл сайын жарықтандыру көрсеткіші 2% өседі.

Иә, түнде көшенің жарық болғаны жақсы. Бірақ электр сәулесі денсаулығымызға, сонан соң экожүйеге қауіп төндіреді.

Электр жарығының ағзаға зияны бар

Түнгі жарықтан келер қауіп көп. Ол алдымен ұйқыны бұзады. Мұнан соң денсаулыққа біртіндеп зақым келтіреді. Адам инсульт алып, тіпті ағзада сүт безі, қуық асты безі және тоқ ішектің  қатерлі ісігін туғызуы мүмкін. Әсіресе тым қатты жарықтандырылған аймаққа қоныстанғандар мұндай ауруға бейім келеді. Шамадан тыс шам қолданудан балалар лейкемияға шалдығуы ықтимал. Америкалық ғалымдар осылай дейді. Олар жүргізген зерттеуге сәйкес тым жарық жерде тұратын тұрғындардың мелатонин деңгейі 50% төмендеген. Ал жарыққа қатты сезімтал адамдарда айырмашылық 50 есе жоғары екені анықталды.

Трэвис Лонгкор, Калифорния университетінің профессоры:

- Тұрғындар қоныстанған аймақтағы қуатты көше шамдары оларға жарық бомбасы сияқты әсер етеді. Тым қатты жарықтандыру түнгі уақытта қылмысты азайтуға мүмкіндік бергенімен, адамдардың денсаулығына зиян келтіреді.

Ақшыл жарықдиодты шамдар көше шамына қарағанда 5 есе зиян. Америкалық медицина қауымдастығының мәліметіне сәйкес жарықдиодты шамдар ұйқы уақытын қысқартады. Ұйқының дұрыс болмауы семіздікке әкеледі. Адам иммунитетін қалыптастыратын мелатонин гормонының қызметін тежейді. Көше шамдары ғана емес, теледидар, компьютер, смартфон сияқты электрондық құрылғылардың жарығы да ағзаға кері әсер етеді.

 

Жарықшамнан жыл сайын мыңдаған аң-құс қырылады

Көше шамдарымен көмкерілген қалада адам жолын оңай табады. Ал даладағы аң мен құс бағытынан адасып, жүрісінен жаңылады. Өйткені жарықшамдар олардың түнгі тіршілігін бұзып, табиғи режиміне кері әсер етеді. Мысалы, теңіз тасбақалары күндіз мұхитта тіршілік етсе, түнде жағалауда жорғалайды. Ал электр жарығының кесірінен олар жолынан адасып қалады. Бұл жағдай жыл сайын Флоридада миллиодаған теңіз тасбақасының қырылуына әкеп соқты. Ал айдың сәулесі, жұлдыздың табиғи жарығымен түнде жемтігін іздейтін құстар қосымша жарық салдарынан қаладағы ғимараттар мен нысандарға соғылып өледі.

Чад Мур, АҚШ ұлттық паркінің қызметкері:

- Кейінгі 200 жылда жасанды жарық көлемі жүз тіпті, мың есе ұлғая түсті. Бұл үдеріс түнгі экожүйеге кедергі келтіреді. Аң мен құстың тіршілік ететін ортасын бұзады.

 

Шамадан тыс жарықтандыру – ысырап

Түнгі қала жарықшамдарымен әдемі. Бірақ оның өзі қып-қызыл шығын. Жасанды шамдар көшені ғана емес, жарнама, бағдаршам, автотұрақ пен спорт алаңдарын жарықтандыруға қолданылады. Халықаралық Dark Sky қауымдастығының мәліметіне сәйкес жасанды жарықтың дұрыс бағытталмауы оның 35%-нің босқа кетуіне себеп болады. Мәселен, АҚШ әр кеш сайын көшелер мен ғимараттарды жарықтандыруға 3 миллиард доллар жұмсайды екен.

Күнделікті хабар тарататын телестудиядағы камералардың жарығы адамға қаншалықты әсер етеді? Бұл тұрғыда ғалымдар не дейді?

Телестудиядағы жарық адамның денсаулығына және көңіл күйіне әсер етуі мүмкін. Ол циркадиандық ритмді бұзып, ұйқысыздыққа әкеледі. Жан-жақтан шағылысқан камера сәулесі стресс немесе мазасыздық тудырады. Кей жағдайда студия жарығының әсерінен көз шаршайды. Бұл көру қабілетін нашарлатуы мүмкін. Америкалық офтальмология академиясының мамандары да мұны айғақтап отыр. Олар жарықтың көру қабілетіне әсерін зерттеп, оның көздің шаршауына, көру қабілетінің уақытша нашарлауына және көздің тор қабығының бұзылысына әкелуі мүмкін екенін растады. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz