Біріккен Араб Әмірліктері АҚШ экономикасына құны триллион доллардан асатын инвестиция құяды. Ал құрама штаттар шығанақ мемлекетін жасанды зерде саласында алып нарыққа айналдыруға көмектеседі. Мұндай келісім Дональд Трамптың Абу Дабиге мемлекеттік сапары кезінде жасалды. Ақ үй басшысы әмірлікке америкалық компания жетекшілерін де алып барды. Солардың ішінде чип өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорын да бар.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Дональд Трамптың бұл Араб Әмірліктеріне алғашқы сапары. Осыған дейінгі президенттік қызмет атқарған кезеңінде ол Абу Дабиге еш келмеген. Шығанақта тек Сауд Арабиясына аялдайтын. Енді жағдай басқаша. Ақ үй жетекшілігінде тұлға Саудия ғана емес, Қатар және Араб Әмірліктеріне табан тіреді. АҚШ-тың нөмірі бірінші борты әмірліктер астанасына күні бұрын түс ауа қонды. Трампты траптан күтіп алған Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян мәртебелі мейманына бар сый-құрметін көрсетті. АҚШ президентімен екеуара әңгіме ұзаққа созылды. Тіпті ымырт үйірілгенше жалғасты. Сөйтіп, кезек салтанатты қабылдау сәтіне келді. Жалпы әмірліктерде Шығанақ жеріне жасалған турненің негізгі нүктесі қойылғандай. Екі президент инвестиция, жасанды, интеллект, жоғары технология, энергетика сынды салаларда серпінді жобаларды іске қосты. Бұған дейін Трамп Саудияда 600 миллиард, ал Қатарда 1 триллион доллардың келісімдерін жасасса, Абу Дабиде оның мөлшері еселенді. Ресми Абу Даби АҚШ экономикасына ең көп инвестиция салатынын растады.
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ президенті:
- Араб Әмірліктері мен Құрама Штаттарды екі елді тұрақты дамуға жетелейтін берік ынтымақтастық байланыстырады. Әсіресе сіз ақүй жетекшілігіне келгелі бері экономика, энергетика, жоғары технология, жасанды интеллект және өнеркәсіп сынды салаларда қарышты қадамдар жасалды. Бұл сөзіме әмірліктер тарапының келесі 10 жыл ішінде АҚШ-қа жалпы сомасы 1,4 триллион инвестиция құятыны дәлел бола алады.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Бірнеше апта бұрын сіздің бауырыңыз Вашингтонға келіп, 1,4 триллион доллар жөнінде батыл мәлімдеме жасады. Ол үшін алғысым шексіз. Ауқымды инвестицияға лайықты болу жолында бар күшімізді саламыз. Сөзсіз, екіжақты байланысымыз одан әрі беки түседі. Өйткені ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып жатыр. Айтпағым, жарты жыл бұрын арамыз мұншалықты жақын емес еді. Қазір бәрі басқаша.
«Жалпы Ақ үй басшысының Шығанаққа ерекше назар аударуының басты себебі – инвестиция», – дейді мамандар. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған араб мемлекеттерінің қай-қайсы да әлеуетті. Мемлекетке тиесілі активтерден бөлек, жекелеген бағыттарға қаржы құятын бай-бағландар тағы бар. Осыны ескерген Трамп мемлекеттік сапарының әлқиссасын араб түбегінен бастауды жөн көрген. Ол өз сөзінде сапардың мазмұны мен маңызын аса жоғары деп бағалады. Енді нәтижесі екі жаққа да тиімді болып отыр. Құрама Штаттар компаниялары миллиардтаған доллардың тапсырысын алды. Алдағы 10 жыл бедерінде алаңсыз жұмыс істейді. Ройтерстің мәліметінше, бір ғана чип шығаратын алпауыт компания әмірліктерді жасанды зерде саласында дамытуға күш салады. Келісім бойынша америкалық тарап Абу Дабиге AI саласындағы алдыңғы қатарлы технологияларын түгел ұсынады. Бұдан бөлек, Трамп басқаруындағы жекеменшік компания Дубайда ірі ғимарат салады. Жалпы үш күндік турненің АҚШ президенті үшін ойдағыдай өткені анық. Ол бүгін Вашингтонға қайта оралуға тиіс. Алайда жоспарын соңғы сәтте өзгертіп, Ресей-Украина келіссөзіне бағыт алуы ғажап емес.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Әзірге қайда бағыт алатыным белгісіз. Өйткені олар: «Осында келе аласыз ба?», – деп маған өтініш білдіруі мүмкін. Бәлкім, тура Вашингтонға қайтармын. Ал қазір құрметті қонақтар кітабына жаздамды қалдырамын. Баршаңызға рақмет. Бұл күндері БАҚ бізге әділетті болды.
Сапардың негізгі мән-мазмұны осындай. Еске салайық, Дональд Трамп Шығанақтағы үш ел жетекшісімен қоса бұл жолы Сирияның уақытша президентімен де кездесті. Шам елін қайта түлету жоспары мен пайдалы қазбаларды игеру, инвестиция салу мәселелері қаузалды. Бұл іс араб мемлекеттері тарапынан қолдау тапты. Дональд Трамп Қатардағы әскери базаға да арнайы аялдағанын айта кеткен жөн. Ол жерде Ақ үй басшысы Таяу Шығыстағы тұрақтылық турасында пікір білдіріп, Иранды тілге тиек етті. Ресми Тегеранның ядролық бағдарламадан бас тартуы қажеттігін жеткізді.
Тегтер #БАӘ #АҚШ #Абу Даби #инвестиция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz