RU
Толық нұсқаға өту

Украина-Ресей келіссөзі басталды. LIVE

16.05.2025, 13:10 361

Ыстанбұлда Украина-Ресей арасындағы қақтығысты шешуге бағытталған келіссөздер басталды. Долмахче сарайында өтіп жатқан халықаралық диалогты әріптесіміз Меруерт Қанағат назарда ұстап тұр.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Біз кеше таңғы сағат 5-тен бері осы жерде ақпарат күзетінде тұрмыз. «Міне, басталады» дегеннен бері 30 сағаттың зу етіп өте шыққанын өзіміз де байқамай қалдық.Сонымен тарихи оқиғаларға талай куә болған Осман сұлтандарының ордасы – Долмабахче сарайында Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер ресми түрде басталды. Мұны нық сеніммен айта аламыз.Бүгін дипломатиялық алаңда әртүрлі форматтағы кездесулер жоспарланған. Түркия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, келіссөздер президент аппаратының Долмабахче жұмыс кеңсесінде өтеді. Алғашқы кезеңде екі үшжақты кездесу өтпек:

Түркия – АҚШ – Украина үшжақты кездесуі (сағат 10:45)

Түркия – Ресей – Украина үшжақты кездесуі (сағат 12:30)

Бұған қоса төртжақты форматта кездесу өтуі мүмкін деген ақпарат тарағанымен, әзірге бұл ресми түрде расталмады. Келіссөздерге қатысу үшін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рубио бастаған делегация Ыстанбұлға арнайы келіп, қазір Долмабахче жұмыс кеңсесінде. Рубио мырза бастаған топ дәл қазір Түркия – АҚШ – Украина үшжақты кездесуі үшін залда отыр.

Сонымен қатар АҚШ делегациясының Украина тарапымен жеке екіжақты кездесу өткізуі де күтіліп отыр. Жиын қарсаңында сарапшылардың пікірін сұрап көрдік. Саяси талдаушы Гүңгөр Явузаслан бұл жолғы келіссөздердің маңызына ерекше тоқталды.

Гүнгөр Явузаслан, саяси сарапшы:

- Зеленский тек қана уақытша бітім емес, түбегейлі бейбіт келісім мен қауіпсіздік кепілдіктерін алғысы келеді. Яғни майдан шебіндегі атысты тоқтату емес, екі ел арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізу – басты мақсат. Бұл кең ауқымды келіссөз болады деп күтіліп отыр. Бұл тұрғыда Трамптың: «Менсіз бейбітшілік болмайды, Путинмен мен ғана сөйлесе аламын», – деген мәлімдемесі де назар аудартады. АҚШ пен Түркия арағайын болып отырған тұста Украинадағы соғыс бойынша жаңа кезең басталуы мүмкін.

Күн тәртібінде қауіпсіздік, гуманитарлық көмек және деэскалация мәселелері тұр. Бірақ сарапшылар келіссөздердің оңай болмайтынын, жылдам нәтиже күтудің қажеті жоқ екенін ескертіп отыр. Ресей тарапы алдын ала ешқандай шарт қоймай диалогқа дайын екенін мәлімдесе, Украина жағы аумақтық мәселелер бойынша ешбір ымыраға келмейтінін қатаң айтты. Айта кетейік, бұған дейін 15 мамырға жоспарланған келіссөздер өтпей қалған болатын. Украин делегациясы келіссөз алаңына келмей, Ресей тарапы күні бойы қарсы тарапты күтіп, кешкісін Түркия СІМ басшысымен ғана кездесті. Қазір тараптар бүгінгі кездесуге толық дайындық үстінде. Біз оқиға орнынан ақпарат таратуды жалғастырамыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz