RU
Толық нұсқаға өту

Украина – АҚШ – Ресей: келіссөздер хронологиясы

16.05.2025, 13:15 520

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс қалай шешіледі? Қазір көпті алаңдатқан мәселе осы. Жыл басында билікке келген Дональд Трамп жағдайды 1-2 күнде реттеймін деп батыл мәлімдеме жасады. Бірақ онысы Ақ үй басшысы ойлағандай болмай шықты. Арада тек 3 ай өткен соң жауласқан екі жақтың өкілдері бір үстел басында бас қосуға келісті. Сарапшылар: «Бұл күндері жаһандық саяси сахнада ең маңызды шешімдердің бірі қабылдануы мүмкін», – деп отыр. Ресей мен Украина бітімге келуі үшін осы күнге дейін қандай дипломатиялық қадам жасалды?

Украинадағы қарулы қақтығыстардың басталғанына биыл, міне, үш жыл болды. Бірақ шиеленісті реттеуге бетбұрыс тек 2025 жылдың ақпан айында, АҚШ-та билікке Дональд Трамп келгеннен кейін жасалды. Ақ үй басшысы ең алдымен президент Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Келесі күні Мәскеуде Украинаның қатысуынсыз бейбіт келіссөздер басталды.

Сарапшылар Америка президенті бұл қадам арқылы ресми Киевке ескерту жасады деп санайды. Ал Мәскеу үшін дипломатиялық жеңіс болды. Осы мәселе президент Владимир Зеленскийдің титығына тиді ме, әйтеуір Құрама Штаттарына барған кезінде ол: «Америка тарабы сыртқы ықпалдардың жетегінде кетті», – деген уәж айтты. Сөйтіп, Дональд Трамппен кездесуінің соңы дауға ұласып, Украина президенті Ақ үйден кетіп қалған еді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Егер мен бір елдің сөзін көбірек сөйлеп кетсем, ымыраға келу мүмкін болмас еді. Путин жайлы жағымсыз пікір айтып алып, оны қалай мәмілеге шақырамын? Мен Путиннің де, ешкімнің де сөзін сөйлеп жатқаным жоқ. Мен үшін АҚШ бірінші орында. Мен әлемнің сөзін сөйлеймін. Зеленскийдің жек көру сезімін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Оны түсінемін. Бірақ жек көрумен келісімге келу мүмкін емес. Олар да Зеленскийді ұнатып тұрған жоқ. Мен бұл мәселені шешкім келеді. Еуропа үшін шешкім келеді. Менің қатал болғанымды қалайсыз ба? Мен қаһарлы бола аламын, болғанда қандай. Бірақ ол ымыраға келуге еш көмектеспейді.

Осы кезде АҚШ Украинаға әскери көмекті тоқтатты. Ал Киевтің күші өзінен әлдеқайда басым жаумен жалғыз алысуға жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан көп ұзамай президент Владимир Зеленскийге райынан қайтуға тура келді.

Сауд Арабиясының арағайындығымен Ресей мен Украина делегацияларының арасында бірнеше келіссөз өтті. Нәтижесінде қос тарап Қара теңізде оқ атпауға және энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасамауға келісті.

Вашингтон мен Мәскеу арасындағы негізгі келіссөзді Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф жүргізді. Ол Владимир Путинмен жабық есік жағдайында 4 рет кездесті. Тіпті Ресей президентімен жақсы қарым-қатынас та орнатты.

Сарапшылардың пікірінше, президент Дональд Трамп жаһанда бейбітшілік орнатушы, бітімгер, әрі көшбасшы ретінде танылғысы келеді. «Сондықтан қандай да бір келісімге тезірек қол жеткізуге ниетті», – дейді. Мұны жуырда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мәлімдемесінен де аңғаруға болады. Ол тараптарға Вашингтонның төзімі таусыла бастағанын ескертті.

Марко Рубио, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы:

- Бұл келіссөзді апта немесе айлар бойы жалғастырудың мәні жоқ. Біз бұл мәселені тез арада реттеуге ниеттіміз. Егер осылай созыла беретін болса, келіссөздерді әрі қарай жалғастырмаймыз. Өйткені бізде басқа да шешетін мәселеміз шаш етектен. Соларға көңіл бөлуіміз керек.

Иә, Дональд Трамп өзін бітімгер ретінде көрсеткісі келгенімен, экономикалық пайдасын да қалт жіберген жоқ.

Келіссөзге араласу арқылы Украинаның сирек минералды ресурстарын бірлесіп өндіру бойынша келісімге қол жеткізді. Ал Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс тоқтай ма, жоқ па – белгісіз. Өйткені тараптардың мүддесі әртүрлі. Бірі бейбітшілікті, ал енді бірі жеңісті қаласа, үшіншісі тиімді келісімге қол жеткізуге ниетті. «Қалай десек те, осы аптада жаһандық саясат сахнасында 3 жылдан бері бейбітшілік орнатуға бағытталған алғашқы қадам жасалмақ», – дейді сарапшы мамандар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz