Мұндай шара соңғы рет 6 мамырда өткен еді, деп хабарлайды 24kz.
Тараптар ол кезде 205 адамнан босатқан.
Жұлдыз Атагельдиева, тілші:
- Мәскеу мен Киев келіссөзері 15 мамырда өте ме деп күтілген. Ресей жағы бейсенбі күні таңнан бері екінші жақты Ыстамбұлда күтіп отырғанын мәлімдеді. Бірақ Украина тарабы тек кешке Владимир Зеленский мен Режеп Тайип Ердоғанның кездесуінен кейін ғана Ыстамбұлға делегациясын жіберу шешімін қабылдады. Анкараға ұшып келе салысымен Зеленский Мәскеуден жіберілген делегация деңгейіне көңілі толмайтынын бірден айтты. Өйткені басқосуға Владимир Путин келе ме деп күткен. Кездесуді өткізуді Кремль басшысының өзі ұсынып, өзі келмей қалғанын еске салды. Қалай болғанда да 16 мамырда алдымен Түркия, Украина, АҚШ өкілдері үшжақты келіссөз өткізді. Артынша Түркияның сыртқы істер министрінің қатысуымен Ресей мен Украина тараптары бас қосты. Бұл – 2022 жылдан бері өткен алғашқы тікелей келіссөздер. Олар шамамен 2 сағатқа жалғасты. Қорытындысы бойынша мынадай мәлімдемелер жасалды.
Рустем Умеров, Украина қорғаныс министрі:
- Келіссөздерде басты үш мәселе қарастырылды. Бұл оқ атуды тоқтату, тұтқын алмасу секілді гуманитарлық сұрақтар және Украина мен Ресей басшылары деңгейінде кездесу ұйымдастыру мүмкіндігі. Әріптестерімізбен байланыстамыз. Алдағы уақытта барлық құжаттармен алмасамыз.
Ресей тарабы келіссөздер нәтижесіне көңілдері толатынын айтып, басқосу қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады.
Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:
- Жалпы келіссөздер нәтижесі көңілімізден шықты. Байланысты ары қарай жалғастыруға дайынбыз. Алдағы күндері Ресей мен Украина «мыңға мың» формуласы бойынша тұтқын алмасады. Украина тарабы екі ел басшылары деңгейінде кездесу өткізуді сұрады. Бұл сауалды ескереміз. Сондай-ақ атыс-шабысты тоқтату бойынша әр тарап өз жоспарын ұсынатын болады. Мұның бәрі дайын болғанда келіссөздерді жалғастырамыз.
«Рейтер» агенттігінің хабаралуынша, келіссөздер барысында Мәскеу Киевтен Ресей әскерінің бақылауындағы өңірдерден жауынгерлерін әкетуді талап еткен. Бірақ Украина өкілдері бұл шартты қабылдамайтындарын айтты. Басқосудан кейін Түркияның сыртқы істер министрі тараптардың қайта кездесуге келіскенін және келіссөздерді қолдайтынын мәлімдеді. БҰҰ-ның өкілдері де 3 жылдағы алғашқы тікелей келіссөздерді құптайтынын айтып, арағайындық танытқан Түркия мен АҚШ-қа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ бұл келіссөз келешекте атыс-шабыстың тоқтауына сеп боларына сенім білдірді.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева
Тегтер #Ресей #Украина #Түркия #Келіссөз #тұтқын алмасу #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz