RU
Толық нұсқаға өту

Рим папасы Лео XIV қандай мәcелені қозғады?

18.05.2025, 15:29 406

Босқындар әулетінен шыққан Рим папасы Лео XIV бірден мигранттардың мәселесін көтерді.

Қақтығыс алаңына айналған Украина мен Таяу Шығысты да тілге тиек етті. Католиктердің жаңа дінбасысы тағы қандай мәлімдемелер жасады?

"Туған елінен бас сауғалап, жер бетінде тарыдай шашыраған мигранттардың ар-намысы сақталып, құқықтары қорғалуы керек." Әлем дипломаттарына алғашқы сөзін арнаған Рим Папасы Лео XIV осылай деп мәлімдеді. Сарапшылар тегі американдық жаңа Рим папасы осылайша мигранттарға қарсы майдан ашқан Ақ үй басшысы Дональд Трамптың саясатына қарсы келіп отыр дейді. 

Лео, Рим папасы XIV

"Менің өзімнің өмірлік тәжірибем Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка мен Еуропаны қамтиды. Шекаралардан асып, түрлі халықтар мен мәдениеттерді көрдім. Қазіргідей алмағайып кезеңде Қасиетті тақ қақтығыстар мен әділетсіздіктерге көз жұмып, қол қусырып, қарап отыра алмайды. Әсіресе бұл ең үлкен қасіретті басынан кешіріп жатқан Украина мен Қасиетті жерге қатысты."

Дональд Трампқа "Рим папасы мигранттар мәселесінде сізге қарсы шықты" деген сұрақ қойды. Оған Трамп былай деп жауап берді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

"Әрине онымен сөйлескім келеді. Ол мен үшін күтпеген жерден сайланған адам."

Понтификтің тегі аралас. Оның бойында француз, итальян мен испанның қаны бар. Сондықтан болар ол ағылшыннан бөлек испан, итальян, француз және португал тілдерін біледі. 5 тілде еркін сөйлейтін Рим папасы бейбітшілік орнату керек деді.

Лео XIV, Рим папасы:

"Бұл рас. Киелі жерден Украинаға, Ливаннан Сирияға, Таяу Шығыстан Тигрей мен Кавказға дейін қаншама зорлық-зомбылықты көріп отырмыз! Мен өз тарапымнан осы бейбітшіліктің салтанат құруы үшін бар күш-жігерімді саламын. Иә, соғыс болмай тұрмайды. Бірақ қаруды тастау керек. Олар мәселелерді шешпейді, керісінше көбейтеді. Тарихты соғысқұмарлар емес, бітімгерлер жасайды."

Рим папасы Ватиканда Украина мен Ресей арасында тікелей келіссөз өткізуді ұсынды. Әдетте Ватикан дипломатияда бейтараптықты ұстанатын.

Ернат Рахметолла

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz