RU
Толық нұсқаға өту

«Хабар» арнасының тапсырысымен «Достық, 13» телехикаясының түсірілімі басталды

19.05.2025, 19:41 403

Алматыда «Хабар» арнасының тапсырысымен «Достық, 13» телехикаясының түсірілімі басталды.

Дәл осы мекен-жайда еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орыны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті орналасқан. Шығармашылық топ телехикаяны осылай атауды жөн көріпті. 

Студенттік өмір - шынайы достық, асқақ арман мен  махаббаттың тоғысқан әлемі. Университет қабырғасында дәріс оқыған ұстаздардың тәлімі өмірлік өнеге, тұлға болып қалыптасуға бастайтын сара жол.  «Достық, 13» телехикаясы сол қайталанбас сәттерді суреттейді. Картинада әдебиетті шексіз жақсы көретін, студенттерге білімі мен тәрбиені сіңіретін ұстаз Жұман ағайдың рөлін актер Бақытжан Әлпейісов сомдайды.

Бақытжан Әлпейісов, актер:

- Жалпы бұл роль мен үшін таңсық емес, мен өзім де Бақытжан Әлпейіс ретінде Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында сахна тілі пәнінен дәріс беремін. Сондықтан аудитория да таныс. Балалар да таныс. Бұл өзі өте әділ өте принципшіл, өте өзінің пәнін өте жақсы білетін ұстаз. Ұлағатты ұстаз деп осындай ұстаздарды айтуға болады деп ойлаймын. Және соны бар ынта-шынтаммен көрсетуге тырысамын.

Телехикаяда негізгі оқиға төрт жігіт пен төрт қыздың төңірегінде өрбиді. Олардың бірі университетке ата-анасының арманымен келсе, екіншісі ұстаз болуды өмірлік миссиясы санайды, ал үшіншісі кездейсоқ келгендер. Бірақ оларды студенттік өмірдің бұлжымас қағидалары біріктіреді.

Жасұлан Көпберген, актер:

- Менің кейіпкерім Диас анасының айтуымен Абай университетіне түседі. Басында қабылдағысы келмейді. Өйткені өзінің арнамы болады актер болғысы келетін. Бірақ кейде арманның жетегінде жүріп, шынайы өзімізге не керек екенін жоғалтып аламыз ғой. Сондай болғанын өзі ұға бастайды. Шын достар табады, шын махаббатын кездестіреді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті елімізде ең алғаш құрылған жоғары оқу орны. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлы да дәріс оқыған. Телехикаяның сценарийінде ұлт ұстазының сабақ беру әдісі де қамтылған.

Азамат Ержанұлы, режиссер:

- Тек студенттердің өмірі, жатақхана бір қыз бен бір жігіттің ғашықтығы емес, бұл жерде тарих қамтылады, ішінде батырлар да бар. Қызық жағдайлар бар. Ахмет Байтұрсынұлының көретін студенттері бар. Соны да кіргіземіз персонаж ретінде. Және бұл жерде бастысы студент тек қана студент болып 4-5 жылдың ішінде қамтыған дүниесін айтамыз.

Түсірілім тобы кинодағы дәстүр бойынша әдеттегідей тәрелкені сындырмай, бүтін қалдырды. Бұл табысты, нәтижелі жұмыстың белгісі, дейді олар. 20 бөлімнен тұратын телехикая жаңа маусымда «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz