RU
Толық нұсқаға өту

ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде тарихта алғаш рет айтыс өтті

19.05.2025, 19:50 479

ЮНЕСКО-ның Франциядағы штаб-пәтерінде тарихта алғаш рет айтыс өтті.

Париж төрінде қазақ пен қырғыз ақындары сайысқа түсіп, өнерлерін ортаға салды. Халыққа ой салатын өнер бәйгесінде қай ақын жеңіске жетті?

Төл өнеріміздің ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгеніне биыл 10 жыл. Осыған орай Париждегі штаб-пәтерде өткен айтысқа Қазақстан мен Қырғызстаннан 8 ақын қатысып, бақ сынады. Бұл бастамаға сонау 2015 жылы екі ел бірдей мұрындық болған еді.

Мейірбек Сұлтанхан, акын:

- ЮНЕСКО-ның төрінде төл өнеріміздің дәріптеліп жатқаны үлкен мәртебе. Одан бөлек қаншама қазақ ағайындарды көріп, Францияда емес, керсінше өз елімізде жүргеніміздей әсерде болып тұрмын. Бұл жақта қанша ағайын елін, жерін сағынған ағайындарға үлкен рухани қолдау деп ойлаймын.

Азамат Болғанбаев, ақын / Қырғызстан/:

- Әлемдік деңгейде айтыс өнерін сақтап, насихаттап жүрген – бұл қазақ пен қырғыз халықтары. Екі ел де айтыс өнерінің ұлы екенін және абыройын асқақтатуды мақсат етіп отыр. 

Төл өнерімізді әлемдік деңгейде танытуға бағыталған іс-шара Қазақстан мен Қырғызстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдіктерінің ұйымдастыруымен өтті. Оған қос елдің парламент басшылары қолдау көрсеткен.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өте керемет, жоғары дәрежеде өтті. Екі буырлас халық, екі көрші ел - біз тек қана бірлікте, жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Сондықтан осындай мәдени іс-шараның жалпы халыққа деген ұлкен әсері болады.

Садык Шер-Нияз, Қырғыз Республикасының Франциядағы елшісі:

- Қырғыз бен қазақ бірігіп, достықтың, ынтымақтың, бірліктің мерекесін тойлады. Айтыс ең маңызды орындардың бірі ЮНЕСКО-да өтті. Іштей қатты қуанып тұрмын.

Жыр додасында ақындар бір-бірін сөзбен түйреп, сынаған жоқ. Керсінше мақтау-мадақ айтты. Сый-сияпаттарын табыс етіп, құрмет көрсетті. Қазылар ұйғарымымен, бас бәйгені қос елдің ақындары Айбек Қалиев пен Азамат Болғанбаев бірге еншіледі.

Блиц

- Біз қырғыз ақындарын қолдауға келдік. Бірақ олардың өнеріне деген шынайы ықыластан, барлық ақындарға шапалақтап отырдық.

- Жақсы болды. Шетелде тұратын, шетелде туып-өскен жастар да барды. Қырғыз-қазақ мәдениетін ұмытпай, көтерілуге жақсы көмек болды.

- Өмірімде алғаш рет айтысты осы Францияда, Парижде көруге келдім. Ең ұнағаны, сахнадағы екі халықтың достығын тамашаладық. 

Франция жерінде өткен жыр додасы Еуропаның түкпір-түкпірінен жиналған көрерменді ерекше көңіл күйге бөледі. Олар үшін бұл Парижде өткен ұмытылмас мәдени сәттердің бірі болары сөзсіз.

Зайнұр Байжігіт, Әлия Сыздықова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz