Мәскеу Украинамен бейбіт келісім туралы меморандум әзірлеуге дайын, деп хабарлайды 24kz.
Ресей көшбасшысы Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сұхбатында осылай деді. Екі сағатқа созылған екеуара әңгімеде Кремль басшысы Трампқа тікелей келіссөзді қайта жалғағаны үшін алғыс айтып, қақтығысты тоқтатып, бейбіт келісімге келуде тиімді жолдарды іздестіру керектігін атап өтті. Сонымен қатар Украинамен тиісті келісім орындалған соң ғана оқ атуды доғару мүмкін екенін жеткізді.
Владимир Путин, Ресей президенті:
- Ыстамбұлдағы кездесу мен келіссөздерге қатысушылардың байланысы қайта жалғасты. Бұл біз дұрыс жолда келе жатқанымызды көрсетеді. Тағы да атап өткім келеді, Трамппен болған әңгіме конструктивті өтті. АҚШ президентімен келіскеніміз, Ресей Украина тарапымен болашақ бейбіт келісім туралы меморандум жобасын ұсынуға және әзірлеуге дайын. Бұл құжатта реттеу принциптері, мүмкін болатын бейбіт келісімнің шарттары және келісілген жағдайда белгілі бір уақытқа соғысты тоқтату мәселелері қарастырылады.
Ал Ақ үй басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында ұзаққа созылған әңгіме өте жақсы өтті деп жазды. «Ресей мен Украина соғысты тоқтату мен бейбітшілік орнату бойынша келіссөзді дереу бастайды», - дейді ол. Маңызды келіссөз өткізуге Ватиканды қолайлы жер деп санайтынын да айтқан. Сөйтіп, кездесу Ватиканда өтуі мүмкін. Сонымен қатар Трамп АҚШ-тың келіссөзге қатысуын қайта қарастыруы мүмкін екенін, егер прогресс байқалмаса, оған қатысудан бас тартатынын білдірді. Бұған дейін Трамп Ресейге қысым жасап, соғысты бір күнде тоқтата алатынын айтқан еді. Бірақ бұл жолы ол жайында ауыз ашқан жоқ.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Меніңше, келіссөздерді Ватиканда жүргізу өте дұрыс шешім. Тараптар үшін бұл жерде кездесу арадағы ашу-ызадан арылтып, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Путин де түптеп келгенде, барлығының аяқталғанын қалайды. Егер ол шын мәнінде мұны қаламаса, бұны жаһанға жар салып айтпас едім. Бір жақсылықтың болатынын сеземін.
Трамп Путинмен әңгімесінен кейін Украина Президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесті. Тараптардың қашықтан байланысынан соң Киев басшысы журналистерге сұхбат берді. Ол Украина, Ресей, АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания арасында жоғары деңгейде кездесу өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Ол бұл шараны Түркия, Ватикан немесе Швейцарияда ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Зеленский Ресейге қарсы санкциялар енгізу қажеттігін атап өтіп, халықаралық қауымдастықты Украинасыз ешқандай келісімге келмеуге шақырды. Тұтқын алмасу мәселесін шешуді және Ресейдің энергетикалық әрі банктік секторларына санкциялар салуды ұсынды.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Бүгін менде президент Трамппен екі түрлі форматта екі телефон әңгімесі болды. Бірінші әңгімеде біз Украина үшін өте маңызды мәселе – соғыстың тоқтатылуы туралы сөйлестік. Біз бұл мәселені Стамбұлда және одан бұрын да талқылаған болатынбыз. Екінші мәселе, ол – АҚШ-тың санкциялар салуға дайын болуы. Мен онымен бұл мәселені қарастыруды және егер Ресей соғысты тоқтатуды қолдамаса, санкциялар енгізуді сұрадым.
Тегтер #Владимир Путин #Ресей #Украина #бейбіт келісім #Владимир ЗеленскийPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz