RU
Толық нұсқаға өту

Д.Трамп: Ресей мен Украина дереу бітімгерлік келіссөздерін бастайды. LIVE

20.05.2025, 09:12 308

Ресей мен Украина дереу бітімгерлік келіссөзді бастайды, деп хабарлайды 24kz.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін осылай деп мәлімдеді.

Бірнеше сағаттық келіссөздер Шығыс Еуропадағы соғысты тоқтату мақсатында жасалған тағы бір қадам болды.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Телефондағы қоңыраулар аяқтала салысымен Дональд Трамп Truth Social желісіндегі парақшасы жағдайдың қалай болғанын баяндап, Ресей мен Украина бітімгерлік келіссөздерді дереу бастайды деп мәлімдеді. «Соғысты тоқтату тек осы екі елдің екі жақты жұмысы арқасында ғана мүмкін, себебі тек екі тарап қана өзара қойылған шарттардан хабардар», - деді. Бұл, әрине, айдан анық нәрсе, бірақ екі жақтың мәмілеге келе алмай жатқанына үш жылдан асты. Десе де, Трамп Путинмен болған әңгіменің ауаны жақсы болғанын айтып, Ресей-АҚШ арасындағы сауда айналымының үлкен әлеуетіне тоқталды.

Соғыс тоқтаса, Мәскеу үшін орасан зор мүмкіндіктердің барын, жаңа жұмыс орындары мен молшылыққа кенелеріне баса назар аударды. Бұл постта Украина да назардан тыс қалмады. Оның қайта қалпына келуі үшін АҚШ-пен сауданың зор көмегі тиерін алға тартты. Және алдағы уақытта тікелей келіссөздердің Ватиканда өтуіне қарсы еместігін жеткізді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Меніңше, келіссөздерді Ватиканда өткізу – тамаша идея болар еді, бәлкім, сол процеске ерекше мән мен құрмет те берілер еді. Пайдалы боларына сенемін. Қос тарапта да ашу мен реніш бар. Соны басуға Ватиканның себі тиер деп есептеймін. Тараптар өздеріне тартып, бой бермей отыр. Бірақ меніңше, түбінде бәрібір бір жетістікке жетеміз. Ал егер болмай қалса, мен келіссөздерден шығамын, ары қарай өздері жалғастыра береді. Тағы да қайталаймын: бұл еуропалық мәселе. Солай болып қалуы тиіс еді. Бірақ алдыңғы әкімшілік бұл іске қатысу керек деп санағандықтан, біз араласып кеттік. Еуропамен салыстырғанда, қаржылай жағынан бұл іске біз әлдеқайда көбірек тартылдық.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Иә, Еуропа демекші, қос елдің президентімен сөйлескен соң Дональ Трамп еуропадағы әріптестерімен де пікір алмасты. Еуроодақ, Франция, Германия, Финляндия, Италиядағы үкімет басшыларымен байланысты. Естеріңізге сала кетейін, Украинаның Еуропадағы серіктестері қазір Мәскеуге қарсы қатаңырақ санкциялар пакетін енгізуді жолға қойып жатыр. Бітімгерлік келісім бойынша іс насырға шаппаса, мұндай санкциялар Вашингтоннан да келуі әбден мүмкін екенін Дональд Трамп та осыған дейін бірнеше рет айтқан. Және бұл тақырып Трамп пен Зеленский арасындағы екі бірдей телефон қоңырауларында да талқыланды.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Бүгін президент Трамппен екі рет әртүрлі форматта сөйлестік. Алғашқы қоңырауда біз үшін аса маңызды мәселе атысты тоқтату туралы әңгіме болды. Бұл жайында Ыстамбұлда да, одан бұрын да айтылған. Ал екінші тақырып АҚШ-тың Ресейге қарсы қатаң санкциялары жайында болды. Мен президент Трамптан бұл мүмкіндікті қарастырып, қажет болған жағдайда санкциялар енгізуді сұрадым. Үшінші мәселе Трамп Путинмен сөйлеспей тұрып, мен одан Украинаға қатысты қандай да бір шешімдерді бізбен келіспей қабылдамауды өтіндім. Бұл біз үшін аса маңызды қағида. Біз өз жерімізді, территориямызды, халқымызды, үйімізді ешкімге бермейміз.

Сондай-ақ Зеленский келіссөздерге Еуропа елдері мен Ұлыбританияны да қосуды ұсынғанын айтты. Және Ватиканмен қатар Түркия, Швейцарияны да келіссөз орны ретінде қарастыратынын жеткізді. Өз пікірін журналистер алдына шығып, Владимир Путин де хабарлады. Байланыстың мазмұнды әрі жоғары деңгейде өткеніне тоқталып, АҚШ президентіне тікелей диалогты қайта орнатқаны үшін алғыс білдірді.

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Ыстамбұлдағы кездесуге қатысушылар арасындағы байланыстар қайта жанданды – бұл жалпы дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді. Тағы да атап өткім келеді: Трамп мырзамен болған әңгіме өте іскерлік рухта өтті, мен оны жоғары бағалаймын. Әрине, басты мәселе – Ресей мен Украина тараптарының бейбіт жолды шын ниетімен қалап, барлық жаққа тиімді ымыраға келуге ұмтылуы. Сонымен қатар Ресейдің ұстанымы айқын: біз үшін ең маңыздысы – осы дағдарыстың негізгі себептерін түбегейлі жою.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Сондай-ақ Владимир Путин АҚШ президентімен келісе отырып, Ресейдің Украинамен бейбіт келісім жасасу мүмкіндігін қарастыратын меморандум жобасын ұсынуға және сол бағытта жұмыс істеуге дайын екенін хабарлады. Бұл құжатта дағдарысты реттеудің негізгі қағидаттары, ықтимал бейбіт келісімнің шарттары және қажет болған жағдайда белгілі бір мерзімге атысты тоқтату тәрізді мәселелер қарастырылуы мүмкін екенін хабарлады.

Диктор:

- Ердана, сіздің Вашингтондағы қызметіңізде бұл екінші рет қайталанып отырған дәл осындай екі жақты қоңырау болып отыр. Алдыңғысынан бұ жолғы келіссөздердің айырмашылығы бар ма? Әлде АҚШ вице-президенті айтқандай, жағдай тығырыққа тіреліп тұр ма?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Соғысты тоқтату 24 сағат жеткілікті деп берілген уәде, міне, қазір тура үш ай өтсе де, орындалмай тұр. АҚШ ара ағайындықтың түрлі тәсілін қолданып, осындай телефон дипломатиясы арқылы да, шатл дипломатиясы арқылы да жағдайды жақсартуға тырысып бақты. Алайда сарапшылардың дені бүгінгі қоңыраудан да еш нәтиже шықпады деп көңіл көншітпейтін баға беріп отыр. Алдыңғы жолғы қоңыраулы дипломатия нәтижесінде тараптар атысты толық тоқтатпаса да, энергетикалық нысандарды атқыламау жөнінде келісімге келе алған еді. Бұл жолғы жетістік меморандум мен мүмкін Ватиканда өтетін қос тараптың тікелей кездесуі болғалы тұр. Бірақ талаптар әлі еш өзгермеді. Локация ауысқанмен, қорытынды сол қалпы бола ма деген қауіп те жоқ емес.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz