RU
Толық нұсқаға өту

Лондон Еуроодақпен ымыраға келді

20.05.2025, 19:30 392

Ұлыбритания Брекситтен кейін саудасы тұралап қалғанын алғаш рет мойындады. Еуроодақтан шыққан соң экспорт 21%, ал импорт 7% қысқарған. Енді бұл шығынның орнын ішінара толтыру мүмкіндігі туып отыр. Тек ауыл шаруашылығы өнімдеріне шектеулерді алып тастау туралы келісімнің өзі Ұлыбритания экономикасына 9 миллиард фунт көлемінде қосымша қаржы әкелмек.

Келісім қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Тұманды Альбион енді Еуроодақтың құны 126 миллиард фунт тұратын қайта қарулану қорына қол жеткізеді. Сонымен қатар саяхатшылар үшін шекаралық бақылау жеңілдетіліп, Ұлыбритания парниктік газдар шығарындылары үшін төлеп келген 800 млн фунт көлеміндегі көміртегі салығынан босатылады. Қылмыс пен көші-қон мәселелері бойынша да ынтымақтастық артады. Сондай-ақ жастардың Еуропада білім алуына, жұмыс істеуіне және саяхаттауына мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама енгізіледі.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Ұлыбритания әлемдік сахнаға қайта оралды. Еуроодақ нарығы біз үшін бұрын-соңды болмаған деңгейде қолжетімді бола түседі. Бұл одақтан тыс елдермен жасалған келісімдердің ішіндегі ең тиімдісі. Мұның бәрі біздің сайлауалды манифесіміздегі «қызыл сызықты» баспай жүзеге асырылды.

Кир Стармердің «қызыл сызық» деп отырғаны Ұлыбритания Еуроодақпен қанша жақындасса да, мемлекет бұрынғы біртұтас нарыққа, кедендік одаққа қайта оралмайды және халық шекараны еркін кесіп өте алмайды дегенді білдіреді. Ел Брекситтен кейінгі егемендігін сақтайды. Яғни келісім Еуроодақпен экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік жасағанымен, сайлаушыларға берілген басты уәделер бұзылмайды.

Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрайымы:

- Біз бітімі бөлек серіктестігіміздің жаңа парағын ашып отырмыз. Бұл иық тіресіп, бір саяси сахнада әрекет ететін, тарихы ортақ әріптестердің сынақтарға біріге төтеп беруі. Біз халқымыздың игілігі үшін тиімді шешімдер іздейміз.

Алайда келісімге қол қойылған сәттен-ақ оңшыл партиялар тарапынан сын айтыла бастады. Олар бұл келісім Ұлыбританияны Брюссельге «тәуелді етеді» деп мәлімдеді. «Әсіресе Еуроодақ балықшыларына Ұлыбритания суында тағы 12 жыл балық аулауға рұқсат беру ақылға сыйымсыз», – дейді наразылар. Бұл бастапқы ұсыныспен салыстырғанда үш есе артық. Консерваторлар мен сала өкілдерінің өкпесі қара қазандай.

Кеми Баденок, Консерваторлар партиясының  көшбасшысы:

- Балық шаруашылығы бойынша жақсы шарттар болады деп үміттендік, бірақ, керісінше, ең нашар келісімге келдік. Біз өзіміздің балық аулау құқығымызды 10 жылдан астам мерзімге беріп қойдық.

Элспет Макдональд, Шотландия балықшылар федерациясының бас директоры:

- Ұлыбритания 1973 жылы Еуроодаққа кіргенде балық шаруашылығы құрбан етілді. 2020 жылы Борис Джонсон да осыны қайталады, ал енді үшінші рет Кир Стармер тағы опасыздық жасап отыр.

Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық пен сауда ағындарын жеңілдету туралы сарапшылар да пікір білдірді. «Бұл келісімдер Ұлыбританияның енді тек өз ережелерімен әрекет ету идеясынан бас тартқанын көрсетеді», – деп есептейді олар.

Дэвид Хениг, Еуропалық халықаралық экономикалық саясат орталығының сарапшысы:

- Бұл Ұлыбританияның өз стандарттарын Еуроодақпен үйлестіру қажеттігін мойындап отырғанын көрсетеді. Себебі Еуроодақ бұл жабық нарық және оған британдық сауданың шамамен 50%-і тиесілі.

Келісім ресми мақұлданғаннан кейін оны парламент заң түрінде бекітуі тиіс. Консерваторлардан айырмашылығы, лейбористер бұл өзгерістерге тосқауыл қоймайды. Бірақ билік партиясына мүше депутаттардың арасында да бастамаға бас қатырғандар көп.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz