Пәкістанда электр қуаты қымбаттады. Тапқан табыстың жартысын төлемге жұмсайтын тұрғындар күн панельдерін орната бастаған. Соңғы бір жылда елде күн энергетикасының үлесі 14%-тен асты.
Пәкістанда электр жарығы тым қымбат. Ол аздай, үнемі өшіріліп тұрады. Қазір ең тиімдісі – күннің көзінен қуат алатын электр тақталарын орнату. Оның құны 3,5 мың доллар. Бірақ күн панельдері 1,5 жылда өз құнын ақтайды. Сондықтан көбі мемлекеттік электр желісі қызметінен бас тартып жатыр.
Фахим Али, Карачи тұрғыны:
- Орталық электр желісіне қосылу тиімсіз. Жарық жиі өшіп қалады. Тарифтер болса үнемі өзгеріп тұрады. Бүгін қымбат, ертең арзанырақ. Бірақ шығынымыз үнемі көп.
Десе де Пәкістанда күн панельдерін орнатуға кез келген тұрғынның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан күн көрісі төмен отбасылар жарықты үнемдеп тұтынуға мәжбүр. Ал тұтынушылардан айырылған операторлар шығынды азайту үшін тариф бағасын көтерген.
Мұхаммад Садық, Карачи тұрғыны:
- Тапқан табысымыздың жартысын электр жарығын төлеуге жұмсаймыз. Менің зейнетақым 35 доллар. Қай жыртығымды жамауға жетеді деп ойлайсыз? Кейде нан алайын ба, әлде жарықтың қарызын төлейін бе деп не істерімді білмей қаламын.
2023 жылы Пәкістан ел экономикасын нығайту үшін Халықаралық Валюта қорынан қомақты қарыз алды. Осыдан кейін электр қуатының бағасы аспандап шыға келді. Сарапшылар: «Билік энергетикалық саясатты дұрыс жүргізбесе, жарық байлардың ғана игілігіне айналуы мүмкін», – дейді.
Авторы: Зайұр Байжігіт
Тегтер #Пәкістан #электр қуаты #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz