RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та терезелерге қауіпсіз тор орнату заңмен бекітілген

22.05.2025, 13:40 352

Жыл сайын әлемде мыңдаған бала терезеден құлап, арты орны толмас қайғыға әкеледі. Жаһанда дәрігерлер мұны «үнсіз індет» деп те атайды. Сарапшылар: «Көп жағдайда ата-аналар бала қауіпсіздігіне мән бермейді», – дейді. Әлемнің дамыған елдерінде бұл мәселе заң мен технология және халықтың білімін жетілдіру арқылы жүйелі түрде шешіліп келеді.

Сингапурда баласын қараусыз қалдырғандарға жаза қатаң

Сингапурда 12 жасқа толмаған бала тұратын пәтер терезесіне міндетті түрде қауіпсіз тор орнатылады. Талапқа бағынбағандар 8 мың доллар айыппұл төлейді. Тұрғындар оны жылына екі рет тексеруі тиіс. Қажет болса, мемлекет терезе құрылғыларын тегін ауыстырып береді. Жалпы Сингапурда баланы қараусыз қалдырғандар үшін жаза қатаң. Айыппұл салу былай тұрсын, ата-ана құқығынан да айырылуы мүмкін. Сондықтан елде баланың терезеден құлау деректері сирек кездеседі.

 

АҚШ-та терезелерге қауіпсіз тор орнату заңмен бекітілген

АҚШ-та ата-ананың білімін жетілдіруге баса назар аударылады. Құрама Штаттарында жыл сайын «Ұлттық Қауіпсіз терезе апталығы» кезінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Балалардың биіктен құлау қаупі туралы арнайы ескерту парақшалары таратылады. Сондай-ақ Америкада құрылыс компанияларына терезеге қауіпсіз тор орнату заңмен міндеттелген. Десе де мұнда терезеден құлап, зардап шеккен бала саны азаяр емес. Елде жыл сайын 3 мың бала жарақат алады. 

 

Германияда көпқабатты үй терезесінің биіктігі мен ашылу бұрышы заңмен реттеледі

Ал Германияда көпқабатты үй терезесінің биіктігі мен ашылу бұрышына дейін мән береді. Яғни нысанның құрылысы бала қауіпсіздігіне сай салынады. Сондай-ақ балақай терезенің алдында жалғыз қалғанда оны ашып тастамас үшін арнайы құлып жүйесімен жабдықталады. Елде перзентханадан шыққан бетте ата-аналар арнайы курстарға шақырылады. Терезе бала үшін үлкен қауіп көзі екенін түсіндіреді.

 

Жапонияда бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін терезелер жоғары орнатылады

Жапонияда бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көпқабатты үй терезелері жоғары орнатылады. Сондай-ақ сырғымалы жүйемен жабдықталады. Бұл бүлдіршіннің терезені өз бетінше ашуына жол бермейді. Күн Шығыс елінде балаларға биіктен құлау қаупі туралы ерте жастан үйретіледі. Яғни балабақша табалдырығынан бастап қауіпсіздік сабақтары өтеді. Сондай-ақ Жапонияда қоғамдық бақылау жүйесі жақсы дамыған. Яғни көршілер әр жағдайға көз жұма қарамай, баланың өміріне қауіп төнсе, көмек көрсетуге даяр тұрады.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz