Лондонда өткен Дүниежүзілік білім форумында Қазақстанның жасанды интеллектке негізделген жаңа әдістемесі – «Айсана» бағдарламасы халықаралық қауымдастыққа таныстырылды.
Еліміздегі ғылым және жоғары білім беру саласындағы реформалар мен цифрлық трансформация шетелдік сарапшылардың қызығушылығын туғызды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Жыл сайын ұйымдастырылатын Дүниежүзілік білім форумы білім беру саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылап, әріптестік орнатуға және тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берeді. Осы тұрғыда Қазақстанның дамыған елдерден үйреніп қана қоймай үйретуге де қауқары жетеді дейді биік мінберден сөйлеген министр.
Еліміздегі ғылым, жоғары білім және технология саласындағы реформаларға деген шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Олар әсіресе отандық “Айсана” бағдарламасы туралы білгісі келеді. Студенттерді жаппай жасанды интеллектке баулу әдістемесі бұған дейін АҚШ-тағы MIT университетінде және Біріккен Араб әмірлігіндегі білім конференциясында көпшілік назарына ұсынылған болатын.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Осы жылдан бастап, бүкіл жоғарғы білім саласындағы студенттер жасанды интеллект курстарын алуға міндетті. 650 мың студентіміз бірден осы бағдарламаны бастады. 3 айдың ішінде 308 мыңнан астам студентіміз жасанды интеллект саласында оқуын тәмамдап, сертификаттар алды.
Жасанды интеллекттің қай бағытта дамитынын болжап айту қиын. Сондықтан оның мүмкіндіктерін ерте жастан меңгеру маңызды. Қазақстаннан бөлек АҚШ пен Қытай сияқты алпауыт елдер ғана өскелең ұрпаққа нейрожелілерді үйретуді қолға алып отыр — аспанасты елінде 6 жастан, Америкада студенттік кезеңнен осы алгоритмге баулиды. 140-тан астам министр қатысқан білім форумында жасанды интеллекттен бөлек әділ әлеуметтік-экономикалық өсімге ықпал ететін инклюзивті, икемді және тұрақты білім беру жүйелерін дамытуға қатысты маңызды мәселелер де талқыланды.
Роберт Тейлор, Қазақстандағы Британ кеңесінің директоры:
- Қазақстанда британиялық университеттердің филиалдары ашылып, трансұлттық білім беруді дамытуға оңтайлы қадам жасалды. Бұл да өзге елдерге үлгі боларлық дүние.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі:
- Заманауи талаптарға сай әрекет етіп, қажеттіліктерге жауап бере алатын елдер ғана ілгерілейді. Қазақстанды білім бойынша субаймақтық хабқа айналдыруға бағытталған өршіл мақсат жүзеге асады деген зор үміт бар. Ол үшін осындай шараларға қатысу маңызды.
Соңғы 3 жылдың ішінде еліміз әлемдік академиялық қауымдастықпен етене араласып келеді. Қазақстанда білім берумен және ғылыми зерттеумен айналысатын шетелдік 38 университеттің филиалы ашылды. Олардың қатарында Ұлыбританиядағы әйгілі Рассел тобына кіретін 3 жоғарғы оқу орыны бар.
Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Қазақстан #24KZ #Лондон #білімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz