RU
Толық нұсқаға өту

Биыл тарихтағы ең ыстық жаз қайталануы мүмкін

23.05.2025, 07:32 422

АҚШ-тың Техас штатында күннің қатты ысуына байланысты төтенше ескерту жарияланды, деп хабарлайды 24kz.

Сынап бағанасы цельсий бағамымен 38 градустан асады. Ұлттық метеорология қызметінің дерегі бойынша мұндай көрсеткіш 1998 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Ал, Пәкістанның Лахор қаласында осы аптада ауа температурасы 43 градусқа дейін жетті. Жалпы биыл жаз қалай болмақ? Сарапшылардың болжамы қандай?

 

Жер беті қызып барады

Күннің ысуы жаз келмей біраз елді қазірден әбігерге түсірді. АҚШ-тағы Техас штатының бірнеше өңірін жайлаған аптапты мамандар от жағатын пешпен бірдей деп сипаттады. Олар маусым басталмай температураның жоғарылуын қуаңшылықпен, оңтүстіктен соққан жылы ауа ағанымен байланыстырады. 2023-2024 жылдар адамзат тарихында ең ыстық ауа райы ретінде тіркелген болатын. Енді биыл да бұл көрсеткіштің өзгеруі екіталай. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым өкілдері 2025 жылы жаһандық орташа температура 1,29°C пен 1,53°C аралығында болады деп болжап отыр. Бұл кейінгі 2 жылмен салыстырғанда жер беті одан бетер қыза түседі деген сөз.

Дэв Нийоги, Техас университеті Жер және планета ғылымдарының профессоры:

- Бұл неге бұлай болып жатыр және жалғаса ма деген сұрақтарға жауап беру өте қиын. Бар білетініміз, қазір қалалар бой көтеріп, урбанизация қарқынды дамып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, адамзат өмір сүру салтын өзгертпесе, ағаштар көбірек отырғызылмаса, көлеңке немесе басқа да жеңілдететін факторлар болмаса, жағдай жақсармайды. Жер беті қазірдің өзінде құрғақ, өйткені қуаңшылық жайлаған.

 

Биыл Оңтүстік Азияны құрғақшылық жайлауы мүмкін

Биыл Оңтүстік Азияны құрғақшылық жайлауы мүмкін. Мұны ғалымдар Гималайға қардың аз түсуімен байланыстырады. Былтырдан бері қардың көлемі 17%-ке азайды. Бұл кейінгі 23 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Бұл аймақ криосфераға, яғни, мұз, қар, мәңгі тоң, мұздықтар мен мұзды көлдерге қатты тәуелді. Қар мен мұздан еріген сулар 12 ірі өзен бассейнінің 23%-іне су береді. Мысалы, Әмударияның 74%-і, Гильменд 77%-і, Инд 40%-і еріген қар мен мұз суынан  құралады.

Шер Мұхаммед, криосфера маманы:

- Бұл климат тұрақсыздығының көрінісі. Қардың азаюы мен қар деңгейінің өзгеруі су тапшылығы қаупін күшейтеді. Ауызсу тапшылығы мен құрғақшылыққа дайын болу үшін жоспарлар жаңартылуы керек. Адамдарға қауіп жайлы алдын ала ескертілуі тиіс. Сондай-ақ G20-ға мүше елдер көмірқышқыл газының шығарындыларын барынша азайтуға әрекет жасауы керек.

 

Ғалымдар: Биыл жаз құбылмалы болады

Күн ысыған сайын табиғи апат жиілей түседі. Мәселен, былтыр жер бетінде 390 миллионнан астам гектар жер өртенді. Әлемдегі тропикалық ормандардың ең үлкен бөлігіне ие Бразилияда 2,8 миллион гектар орман алқабы жойылды. Ғалымдар болжамына сәйкес биыл да жарты ғаламшар сынап бағанасының жоғарылуынан жапа шегеді. Әсіресе, Оңтүстік Еуропа, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс, Батыс және Солтүстік Америка, Орталық Азия елдерінде қатты ыстық болады. Ал солтүстік және Орталық Еуропа, Шығыс Азия мен Оңтүстік Америкада жауын-шашын жиілейді. Кей аймақтарда күн суытады. Бұршақ жауады. Халықаралық ұйымдар климаттың құбылуына қарсы шара қабылдап, шұғыл жүзеге асырмақ ниетте. Құрылым өкілдері, алдымен, жылына ауаны улайтын газ қалдықтарын 9 пайызға төмендетіп, кем дегенде сынап бағанасын 1,5 градусқа төмендетуге тырыспақ.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Үлкен жиырмалыққа мүше дамыған елдер ұйымның дамушы елдеріне және басқа да мемлекеттерге технологиялық және қаржылық қолдау жасап, климаттық ынтымақтастықты көрсетуі керек. Былтыр парниктік газ шығарындыларын 1%-ке төмендете алдық. Биыл да ауызбіршілік танытсақ, межеге жете аламыз. Бұл планета халқын ауқымды дағдарыстан құтқарады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz