Оңтүстік Кореяның ең ірі аралы Чеджуде дрондар арқылы сәлемдеме жеткізу қызметі іске қосылды.
Әзірге ұшқышсыз ұшу аппараттары тұрғындарға жеңіл жүктерді ғана жеткізе алады.
Болашақта аралдарға дрон-таксимен баруға болады.
Владислав Цой, тілші:
- Чеджу аралының жағалауынан Пияндо аралына дейінгі қашықтық 3,5 километр. Бұл аралықты дрон шамамен 3 минутта ұшып өтеді. Сонда дронның ұшу жылдамдығы сағатына 70 шақырым.
Ұшырмас бұрын дронның жағдайы арнайы датчиктер арқылы тексеріледі. Ұшқышсыз аппараттың орналасқан жері онлайн режимде компьютер мониторынан көрінеді. Пияндо аралы тұрғындарының Чеджу аралындағы кафеге берген тапсырысы - қуырылған тауық еті бірнеше минутта келіп жетті. Олар біздің түсірілім тобына жаңадан пайда болған жеткізу қызметі туралы әсерлерімен бөлісті.
Ко Сон Мин, Пияндо аралының тұрғыны:
- Біз күніне 3-4 рет екі бағытта тапсырыс береміз, бірақ әзірге жүктің салмағына шектеу болғандықтан көлемі көп емес. Келесі жылы көлемі артады деп ойлаймын. Жеткізу құны шамамен 4 доллар.
Чой Дон Ук, Чеджу провинциясының департамент директоры:
- Пияндо аралында жобаның бастапқы кезеңінде дрондар тек 3 келіге дейін жүк таси алатын. Сондықтан ауыл тұрғындары қуырылған тауыққа, мысалы, 5 порция тапсырыс бергісі келгенде, 3 келі шектеуіне байланысты тек 2 порциямен жеткізілуі мүмкін еді. Бірақ биыл бұл шектеу 3-тен 10 келіге дейін артты.
Пияндо аралы туристер арасында танымал, себебі мұнда теңіз түбінен ұлуларды сүңгіп теретін әйелдерді көруге болады. Алайда қазіргі уақытта елдімекенде негізінен қарт адамдар ғана қалған, және жыл сайын тұрғын саны азаюда. Аралды осы қалпында сақтап қалу үшін Чеджу провинциясының билігі Көлік министрлігімен бірлесіп дрон арқылы жүк жеткізу қызметін енгізген. Ұшқышсыз аппараттардың қозғалысын ерекше жүйе арқылы бақылайды.
Пак Чон Квон, Кореяның жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің бөлім жетекшісі:
- Біздің елде ғана дрондарды LTE мобильді интернеті арқылы тану және бақылау жүйесі енгізілген. Аумағы үлкен елдерде LTE желісі шалғай аудандарды қамтымайды. Ал бізде бүкіл елді қамтитындықтан, дрондарға тану құрылғыларын орнатуға мүмкіндік береді. Дрондар төмен биіктікте ұшады, сондықтан LTE-ні пайдалану қиындық тудырмайды. Бірақ теңіз үстінде немесе биік биіктікте ұшу үшін басқа жүйе қажет, себебі LTE-де байланыстың үзілістері болуы мүмкін.
Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің дерегінше, дрон арқылы жүк жеткізу қызметін ел аумағында 70-тен астам елді мекен пайдаланады. Алдағы бірнеше жылда билік сәлемдеменің салмағын 100 келіге дейін арттырып, ұшқышсыз такси қызметін енгізуді жоспарлап отыр.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #корея #дрон #Арал #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz