Оңтүстік Корея жасанды интеллектіні үй жануарларының тіршілігін жақсартуға қолдана бастады.
Қазір «Таңғы шық» елінде халықтың 15 миллионы ит пен мысық асырайды. Бұл елдегі тұрғындардың 30 пайызы.
Сондықтан Оңтүстік Кореяда үй жануарларының денсаулығына қатысты қызмет түрлері мен нарық қарқынды дамып келеді.
Сеул тұрғыны Ю Чжэ Ын әзірге тұрмысқа шығуға асықпайды. Өйткені Оңтүстік Кореяда отбасы құрып, бала тәрбиелеу өте қымбат. Сондықтан өзіне алданыш ретінде ақша бұлттай әппақ, жүні бұйра ит асырап алған. Жуырда үй жануары құсып, тері ауруына шалдыққаны анықталыпты. Ит иесі емдеп жазуға қомақты қаражат жұмсадым, дейді. Бүгінде Ю Чжэ Ын жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін қосымшаны қолданады.
Ю Чжэ Ын, Сеул тұрғыны:
- Бұл технология дертті ерте анықтап, уақытылы ем жүргізуге мүмкіндік береді. Қаржылық жағынан да үнемдеуге көмектеседі.
Қосымшаның артықшылығы сол - дәрігерге барып, сабылудың қажеті жоқ. Арнайы бағдарламаға үй жануарының ауыз қуысы, көздері, терісі мен жүрісі түсірілген сурет пен бейнежазбаны жүктеп, жасанды зерденің көмегімен 1 минутта дерті туралы ақпарат аласыз. Мамандардың сөзінше, диагноз дәлдігі 92 пайыз.
Ли Ха Ын, ветеринар:
- Мәселен, глаукома деген ауру уақытылы емделмесе, жануардың көзі көрмей қалуы мүмкін. Жасанды зерденің көмегімен дертті дер кезінде анықтап, дұрыс емді үйде-ақ бастауға болады.
Оңтүстік Кореяда үй жануарларын асыраушылардың қатары жылдан жылға артып келеді. Нәтижесінде бұл сала жылына шамамен 9 жарым пайыз өсіп отыр. Үй жануарларына арналған тауарлар мен өнімдер нарығы 5,7 млрд долларға жеткен. Ал жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін технология дертті анықтап қана қоймай, азық таңдауға, физикалық белсенділігін бақылауға, тіпті көңіл күйін бағамдауға көмектеседі.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #жасанды интеллект #үй жануарлары #корея #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz