RU
Толық нұсқаға өту

Ресей - Украина келіссөзінің екінші раунды. LIVE

02.06.2025, 09:19 403

Ыстамбұлда Украина мен Ресей арасындағы тікелей келіссөздің екінші кезеңі өтеді.

Қос тарап бұл жолы нақты ұсыныстарын жазбаша түрде ұсынуға тиіс.

Басты мақсат – соғыс қимылдарын тоқтату мүмкіндігін қарастыру. Тараптар қандай шарт қояды, келісімге келудің қандай да бір мүмкіндігі бар ма?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Бүгінгі кездесу Долмабахчеде емес, Чираған сарайында өтеді. Жоспар бойынша келіссөздер жергілікті уақытпен сағат 13:00-де басталады. Бұл Астана уақытымен күндізгі 3-те. Ресей делегациясы Ыстамбұлға кеше кешкісін келіп жетті. Украина тарапы да толық құрамда дайын отыр. Бұл соңғы үш жылда алғаш рет қайта жанданған диалогтың жалғасы. Естеріңізде болса, алғашқы раунд  осыдан екі апта бұрын өтіп, "1000-ға 1000" формуласы бойынша әскери тұтқындарды алмастырумен аяқталған еді. Нәтижесінде үш күн ішінде 1800-ден астам адам үйлеріне оралды. Бұл күрделі жағдайға қарамастан тараптардың диалогқа бейілді екенін көрсететін маңызды белгі болды.

- Бұл жолы келіссөздердің ерекшелігі қандай? Қандай құжаттар қаралады?

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Бұл жолғы кездесуде басты назар — меморандум жобасына ауады. Ресей тарапы Украинаға нақты ұсыныстары жазылған құжатты тапсыруға дайын екенін мәлімдеді. Алайда Мәскеу меморандум мазмұнын ашып айтудан бас тартып отыр. Ал украиналық БАҚ-тың дерегінше, Киев ұсынбақ құжатта құрлықта, теңізде, әуеде оқ атуды тоқтату және халықаралық бақылаушылардың қатысуымен мониторинг жүйесін құру қамтылған. Тараптардың делегациясы да кеңейтілген. Украина тарапын Қорғаныс министрі Рустем Умеров, ал Ресей жағын Владимир Мединский бастап келді. Сарапшылардың айтуынша, бұл келіссөздер жай ғана аймақтық қақтығысты емес, тұтас халықаралық жүйенің тепе-теңдігін шешетін күрделі диалог. Осы ретте түркиялық сарапшы Кадир Челиктің пікірін тыңдап көрейік:

Кадир Челик, Анкара дағдарыс және саяси зерттеу орталығының сарапшысы: 

- Ресей мен Украина арасындағы соғыс бүгінгі таңда екі елдің ғана емес, бүкіл әлемдік тәртіптің болашағына әсер ететін геосаяси дағдарысқа айналды. Ыстамбұлдағы алғашқы келіссөздерден кейін басталған тұтқындар алмасу — шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған алғашқы оң қадам. Алайда соңғы әскери шабуылдар бұл процесті күрделендіріп отыр. Соған қарамастан Түркияның араағайындығы және екі тараптың да диалогқа ашықтығы келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік береді. 

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Үш жылға созылған соғыстан кейін, бүгінгі келіссөздер — бейбітшілікке қарай басталған жаңа үміт. Бұл тек саяси емес, адами жауапкершілік. Мыңдаған отбасы, мыңдаған тағдыр осы шешімдерге тікелей тәуелді. Келіссөздер толық келісімге әкелмесе де, диалогтың жалғасуы өз алдына жетістік. Ал Түркияның бейбітшілік жолындағы делдал ролі бұл процесті жаңа деңгейге шығарады деген де үміт зор. Біз алда келіссөздердің барысын қадағалап, жаңалықтармен бөлісіп отыратын боламыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz