RU
Толық нұсқаға өту

Оңтүстік Корея тұрғындары жаңа президентін таңдайды. LIVE

03.06.2025, 09:20 564

Бүгін Оңтүстік Корея тұрғындары жаңа мемлекет басшысын таңдайды. Елде 21-ші президент сайлауы өтіп жатыр.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяның Ұлттық сайлау комиссиясының жергілікті уақытпен сағат 11:00-дегі мәліметі бойынша сайлаушылардың қатысуы 18%-тен асты. Таңертең сағат 6:00-да сайлау дауыс беру басталғаннан бері 5 сағат ішінде 44 миллионнан аса сайлаушының 8 миллионы өз таңдауын жасап үлгерді. Президенттікке 5 кандидат таласып жатыр. Бірақ бұған дейін жарияланған қоғамдық сауалнамаларға қарағанда негізгі үміткерлер үшеу. Олар: оппозициялық «Тобуро» партиясының көшбасшысы Ли Чжэ Мён, билік басындағы «Халық күші» партиясының кандидаты Ким Мун Су және «Жаңа реформалар» партиясының жетекшісі Ли Джун Сок. Жеңіске жеткен үміткер елді бес жыл басқарады. Қазіргі дода бұрынғы президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялануымен байланысты кезектен тыс сайлау болғандықтан, жаңа Мемлекет басшысы қызметіне бірден кіріседі, яғни дайындық мерзімі болмайды.

Ли Хён Гю, Сеул қаласының тұрғыны:

- Халық адал әрі таза президентті көргісі келеді. Әрине, тұрғындардың күнделікті өмірі маңызды, бірақ, менің ойымша, қауіпсіздік одан да маңыздырақ. Қазір елде тұрақсыздық бар, сондықтан мен осы мәселені шешетін үміткердің жеңгенін қалаймын.

Ан У Чжин, Сеул қаласының тұрғыны:

- Бұрынғы президент Конституция рухын бұзғаны үшін халықтың шешімімен қызметінен шеттетілді. Енді Конституция мен халықты құрметтейтін жақсы президент сайланады деп үміттенемін. Жаңа президент ең алдымен қазіргі қиын экономикалық жағдайды шешуі керек.

Realmeter зерттеу компаниясының соңғы қоғамдық сауалнамасына сәйкес «Тобуро» Демократиялық партиясының экс-төрағасы Ли Чжэ Мёнді респонденттердің 49,2% қолдаған. Ал консервативтік билеуші партия – «Халық күші» өкіліне 36,8% дауыс беруге дайын болған. Үшінші орында ең жас кандидат, «Жаңа реформалар» партиясының жетекшісі Ли Джун Сок. Оны қолдағандар 10,3%. Яғни басты үміткер – оппозициялық кандидат Ли Чжэ Мён. Ол Кёнги провинциясының бұрынғы губернаторы, алдыңғы президент сайлауында аз ғана айырмашылықпен жеңіліп қалған. Ли Чжэ Мён әлеуметтік теңсіздікті жоюға уәде берген. Ол кеше өзінің жеңісі Юнның әскери төтенше жағдай енгізуге жасаған әрекетіне тікелей үкім болатынын және халықтың қолдауымен жеңіске жететініне сенімді екенін айтты. «Халық күші» партиясының кандидаты Ким Мун Су болса сайлауалды сөзінде бұрынғы партияласы Юнның әскери төтенше жағдай жариялағаны үшін және «Жаңа реформалар» партиясының кандидаты Ли Джун Сокпен біріге алмағаны үшін кешірім сұрады. «Егер сіз Ли Джун Сокқа дауыс берсеңіз, бұл Ли Чжэ Мёнге көмек болады», – деді Ким. Өз кезегінде 40 жастағы ең жас үміткер Ли Джун Сок сайлау қарсаңында рейтингте үшінші орында болғанымен, Ким Мун Сумен бірігу ниеті жоқ екенін білдірді. Сондай-ақ ол: «Ли Джун Сокқа дауыс беру – бұл жаңа бастамаға салынған инвестиция, болашақ көшбасшылыққа жасалған қадам», — деді. Яғни ол бұл жолы жеңіске жете алмауы мүмкін екенін, бірақ келесі сайлауда президенттікке таласатынын меңзеп отыр.

Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Осыдан кейін бюллетеньдер санау орталықтарына жеткізіледі. Дауыс санау жергілікті уақытпен шамамен сағат 20:30-да басталады. Нәтижелер шетелде дауыс берген 205 мыңнан астам кореялықтың бюллетені мен мерзімінен бұрын дауыс берген 15 миллион 423 мыңнан астам адамның мәліметтерімен біріктіріледі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz