Араб елдерінде мұнай бағасы қымбаттап барады.
Салдарынан жанармай құны шарықтай түскен. Әлемдік қара алтын мөлшерінің 20 пайызы тасымалданатын Ормуз бұғазы жабылса, жағдай тіпті қиындайды.
Ахуал аймақ елдерін әбден алаңдатып отыр. Сарапшылардың айтуынша, араб теңізі мен үнді мұхитына шығар дәлізге бұрын-соңды болмаған қауіп төнген.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Шығанақтағы араб мемлекеттері Таяу Шығыста қайта тұрақтылық орнайтын күнді асыға күтіп отыр. Биліктің бұған қатысты мәлімдемелері бейбітшілікке үндейді. Сауд Арабиясы, Қатар, Мысыр, Йордания, Кувейт және Біріккен Араб әмірліктері тақауда Израильдің әрекетін қатаң айыптап, халықаралық қауымдастықты белсенді қарекет қылуға шақырды. Оның өз себебі де бар. Өйткені қақтығыс ауқымының кеңеюі экономика, миграция және халықаралық сауда желілеріне кері әсер етеді. Қазірдің өзінде Ормуз бұғасы жабыла ма деген қауіп туып тұр. Ұзындығы 160 шақырым дәлізбен араб елдерінің ауқымды мұнай тасымалы өтеді. Оның көлемі әлемдік қара алтын тұтыну деңгейінің 20 пайызына тең. Газдың да ірі мөлшері бұғаз арқылы тасымалданып, араб теңізі мен үнді мұхитына жол тартады.
ЦИТАТА: БАӘ Сыртқы істер министрлігі
Біріккен Араб Әмірліктері тараптарды шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуге шақырады. Біздің пайым халықаралық құқық пен егемендікті құрметтеу және диалогты нығайту сынды қағидаттарға негізделген. Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі атысты тоқтату және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жедел шешімдерді қабылдауы қажет.
Ормуз бұғазы ресми түрде Иран мен Біріккен араб әмірліктері және Оман сұлтандығына тиесілі. Су акваториясы тараптар арасында теңдей бөлінген. Сондықтан қай-қайсы да құқықтық тұрғыда тиісті шешімдер қабылдай алады. Ахуал қауіпті сценарий бойынша өрбіп, бұғаз жабылатын болса, араб елдерінің мұнай тасымалы тежеледі. Осы күні қара алтын бағасы соңғы бірнеше күнде айтарлықтай өсіп, баррелі 70-80 долларға шамалады. Алдағы айларда көрсеткіш 130 долларға дейін жетуі мүмкін. Жалпы араб елдері кейінгі жылдары мұнай мен газ саласына көп қаржы құйып, өндіріс көлемін арттыруға ден қойды. Сауд Арабиясы, Кувейт, Катардан бөлек ОПЕК+ санатын енетін Оман да осы қадамға барып, экономикалық әлеуетін тіктеуге кіріскен. Таяуда ғана шығанақ елдерінің мұнай компаниясы өкілдері Маскатта бас қосып, шикізат өндірісіндегі операциялық шығындарды азайту жайын талқылады. Өзара тәжірибе алмасуға уағдаласты.
Малик Аяди, мұнайшы /Оман/:
- Араб түбегіндегі мұнай өндіруші мемлекеттерде логистикалық тәуекелдер аз. Себебі теңіз порттары қолжетімді жерде тұр. Ол қандай да бір өнеркәсіптік қондырғының тасымал шығынын азайтуға сеп болады. Негізгі ерекшелік осы. Теңіз арқылы өнім тасымалдаудың тиімділігін біздің мемлекеттер терең түсініп отыр. Енді тек өндіріс процесін ұтымды жүргізіп, пайданы ұлғайту міндет.
Бір айта кетерлігі, әлемдік мұнай бағасы әмірліктің жанармай нарығына тікелей ықпал етеді. Тұтыну деңгейі жоғары ел болғандықтан, мұндай өзгеріс халықтың күнделікті шығынын еселейді. Сондықтан іске энергетика министрлігі араласып, бензин бағасын ай сайын реттеп отырады. Ол көбіне әлемдік мұнай құнына, тасымал мен өңдеу шығындарына байланысты өзгереді. Еске салайық, осы жылдың ақпан айында араб жеріндегі Super 98 маркалы жанармай литріне 380 теңгеге саудаланды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Көрсеткіш одан бір ай бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 5 пайызға жоғарылаған. «Мұндай өсім жаһандық нарықтағы тұрақсыздық пен геосаяси шиеленістің салдары», - дейді мамандар.
Рауан Мыңбай
Тегтер #мұнай бағасы #қымбатшылық #Израиль Иран #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz