Күн ысып, жер беті қызған сайын ауыл шаруашылығы саласына келер залал көп.
Мәселен биыл Азия елдерінде егін бітік шықпай, экономика мен азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізген.
Қытайда биыл бидай бітік шықпады
Қытайдың Хэнань және Шэнси аймақтарын қуаңшылық жайлап, бидай алқаптары қурап тұр. Бұл өңірлер елдегі астық өнімінің төрттен бірін қамтамасыз етеді. Алайда биыл күн қатты ысып, егістік алқаптарында астық піспей жатып, қуарып кеткен. Мәселен, қазір Хэнаньда өнімнің шамамен 60%-і, ал Шэньсидің тек 20%-тен астамы жиналған. Жаздың басталғанына ай да болған жоқ. Әдетте орақ науқаны күздің басында аяқталады.
Чжоу Япин, фермер:
- Әдетте әр масақтан 4-5 дән шығатын. Ал биыл өнім тіптен аз. Бар-жоғы бір-екеу ғана. Бәрі қурап кеткен. Жер жарылып жатыр. Қыстан бері жаңбыр жаумады. Фермада 20 жыл жұмыс істеп келемін, мұндайды алғаш рет көруім.
Қытайдағы жалпы бидай өнімділігі шамамен 5%-ке кеміп, 135 миллион тоннаға түседі деген болжам бар. Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр 5 миллион тоннаға артық өнім жиналған. Қор жеткілікті болғанымен, сарапшылар құрғақшылық мәселесі биліктің астық импорттау саясатын қайта қарауға мәжбүр етуі мүмкін. Билік әзірге импорт көлемі бойынша ресми болжам жасамаған. АҚШ-пен арадағы сауда қайшылықтарын қоса алғанда геосаяси тәуекелдер артқан жағдайда, Қытай биыл наурызда АҚШ-тың бидайына салынатын кедендік баж салығын 15%-ке дейін көтеріп үлгерді.
Моңғолияның шөл далаға айналу қаупі бар
Моңғолия даласының 77%-ін қуаңшылық жайлау қаупі бар. Бұл туралы Моңғолия Ғылым академиясының География және геоэкология институтының зерттеушілері мәлімдеді. Басты себеп – климаттың өзгеруі мен мал басының шамадан тыс көбеюі. Кейінгі 60 жыл ішінде Моңғолиядағы жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен үш есе жоғары болған. Салдарынан жауын-шашын аз түсіп, құрғақшылық жайлады.
Авирмэдийн Дашцэрэн, Моңғолия Ғылым академиясы география және геоэкология институтының директоры:
- Мал басының социализм дәуірімен салыстырғанда үш есеге көбеюі жердің тозуына әсер етіп отырған негізгі фактор. Сондай-ақ топырақ жыл сайын өз құнарлығын жоғалтып жатыр. Оған жол құрылысы мен пайдалы қазбаларды өндіру ісі айтарлықтай әсер етеді.
Қазірде Моңғолия – ежелгі келе жатқан дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығы дамытып отырған санаулы елдің бірі. Бұл сала тау-кен өндірісімен қатар экономиканың негізгі саласына жатады. Алайда мұндай экономикалық модельдің экологиялық құны барған сайын айқындалып келеді. 3,5 миллион тұрғыны бар елде қазір 57 миллион мал бар. Биыл күзге қарай бұл көрсеткіш 80 миллионға жетіп, тарихи шекке жетуі мүмкін. Сол себепті жайылымдарға түсетін жүктеме маусым сайын артып келеді. Әлем экономикасы жылына $880 млрд шығын келеді
Қазір әлемдегі жер ресурстарының шамамен 40%-і тозған. Бұл – топырақтың физикалық, биологиялық және химиялық қасиеттерінің нашарлау үдерісі. Мұндай жерлер егін егуге де, мал жаюға да жарамсыз. Осындай мәселелелер жаһандық экономикаға жыл сайын 880 миллиард доллар шығын әкеліп отыр. Біріккен ұлттар ұйымының дерегі осындай.
Ибрагим Тиау, БҰҰ Қуаңшылықпен күрес жөніндегі конвенцияның атқарушы хатшысы:
- Жердің бүлінуі кез келген салаға айтарлықтай әсер етеді. Мұны азық-түліктің қымбаттауынан, энергия бағасының өсуінен және басқа да әлеуметтік шиеленістердің белең алуынан анық байқауға болады. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне төнген басты қауіп.
Авторы: Фариза Жанғанаева
Тегтер #әлем елдері #экономика #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz