Әлемнің әр түкпірінде күн райы әртүрлі. Табиғаттың тосын мінезі көп. Иә, бір елде нөсер селдетсе, енді бір жерде аптап халықты әбігерге салды.
Осы аптада Лондонда 32 градус ыстық болды. Бұл өңірде бұрын-соңды болмаған жағдай. Ал Азияның кейбір елдері су тасқынынан зардап шегіп жатыр.
Күн райы шекара таңдамайды. Бір жерде нөсер, енді бір өлкеде шіліңгір шілде. Сарапшылар мұны климаттық өзгеріспен байланыстырып отыр.
Бразилия тағы да су астында қалды
Бразилияның оңтүстігінде нөсер басылмай тұр. Шелектеп жауған жауынның соңы алапат тасқынға ұласты. Жағдай, әсіресе Риу-Гранди-ду-Сул штатында күрделі. «Ассошиейтед Пресс» агенттігі келтірген дерекке қарағанда, апат салдарынан 2 адам опат болып, тағы бірнешеуі із-түзсіз кеткен. Штаттың біраз аймағында қауіптің қызыл және қызғылт сары деңгейі жарияланды. Бұл өте жоғары және жоғары қауіп деңгейлері. Өзен арнасынан тасып, су деңгейі 23 метрге дейін жеткен. Жергілікті билік келтірген мәліметке қарағанда рұқсат етілген ең жоғары деңгей 19 метр ғана. Бірақ табиғаттың тілі жоқ. Ол айдағанға көнбейді. Оның да өз дегені бар. Соңғы рет мұндай алапат апат былтыр тіркеліп, 200-ге жуық адам опат болған еді.
Катиеле Куту Да Сильвейра, жергілікті тұрғын:
- Аймақты су басқан сайын қаланың біраз аумағы жапа шегеді. Үй-жайымызды су басып, мал-мүлкіміз бүлінеді. Әсіресе балалары бар отбасыларға обал. Бірақ былтырғы алапат тасқын бізге сабақ болды. Бұл жолы табиғат апатына алдын ала дайын болдық. Жүк көлігін пайдаланып, керек-жарағымызды өзімізбен бірге ала кеттік.
Индонезияда емдеу орындарын су басып қалды
Индонезия да тоқтаусыз жауған жауыннан соң су астында қалды. Әсіресе Баликпапан қаласында медициналық нысандар мен тұрғын үйді су басып қалды. Зардап шеккен емдеу орындарының қатарында Ибн Сина клиникасы да бар. Тасыған су шұғыл көмек көрсету мен амбулаториялық бөлімдерге дейін жетіп, медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірді. Емхана басшылығы науқастарды шұғыл қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр болған. Синоптиктер келтірген дерекке қарағанда, аймақта нөсер 12 күн бойы толастамады. Еске салайын, өткен айда Калимантан аймағында жауын-шашынның соңы алапат тасқынға ұласқан еді.
Солтүстік Кореяда жаңбыр құйып тұр
Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында сонымен бірге солтүстік және орталық провинцияларында нөсер басылмай тұр. Осы себепті біраз аймақта қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Әсіресе оңтүстік және солтүстік Пхёнан, Чаган, Оңтүстік Хамгён провинцияларында жауын-шашын тоқтар емес. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. KCNA агенттігі келтірген мәліметке қарағанда Пхеньянда бір тәулікте шамамен 14 сантиметрге жететін жауын-шашын тіркелген.
Қытайда тасқын су егіс алқабын шайып кетті
Азиядағы Қытай да тоқтамай жауған нөсерден зиян шегіп отыр. Оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономды ауданында сіркіреген жаңбырдың соңы тасқынға ұласты. Сорақысы сол, тасыған су ауыл шаруашылығы алқабына зақым келтіріп, егістік жерлерді шайып кеткен. CCTV телеарнасы келтірген мәліметке қарағанда, Бама-Яо уезінде бірнеше үйді су басып қалған. Шамамен 80-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Жергілікті метереология қызметі қауіптің көк деңгейін жариялады. Олардың айтуынша биыл Қытайда жаңбыр маусымы әдеттегіден ерте басталды.
Грекияда орман өртеніп жатыр
Әлемнің біраз бөлігінде нөсер тұрғындарға тыным бермесе, Грекияда Эгей теңізінің шығысындағы Хиос аралында орман өртеніп жатыр. Күшті желдің әсерінен жалын орман мен ауыл шаруашылығы алқаптарына тарап, қоймаларды зақымдаған. Тұрғын үйлерге де қауіп төніп тұр. Электр желісіне зақым келіп, тұрғындар жарықсыз отыр. Билік шұғыл 16 елді мекеннің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірді. Олардың айтуынша, өртті сөндіруге 140-қа жуық өрт сөндіруші мен ондаған техника жұмылдырылған. Бүгін де елдің әр аймағынан қосымша көмек келеді деп күтілуде.
Лондонда күн шыжып тұр
Корольдіктегі Лондон болса аптаптың құрсауында қалды. Мұндай ыстық бұрын-соңды болмаған. Әдетте орташа ауа температурасы бұл кезеңде 20 градустан жоғары болатын болса, қазір 30 градустан төмен түспей тұр. Қапырыққа үйренбеген жергілікті жұрт салқынмен тыныстау үшін өзен жағалап жүр.
Кейінгі жылдары табиғат тосын мінез танытып тұр. Кеше ғана қалыпты саналатын ауа райы енді болжап болмайтын құбылысқа айналды. Ғалымдардың айтуынша, бұл жаһандық климаттық өзгерістің айқын көрінісі. Ауа райының тұрақсыздығы, жауын-шашын мен температураның шектен тыс ауытқуы - соның салдары. Бұл жағдай адамзаттың өмір салтына, ауыл шаруашылығына, экономика мен денсаулық сақтау жүйесіне тікелей әсер етуде. Сарапшылардың сөзіне сенсек, үрдіс тоқтамаса, алдағы жылдары табиғаттың тосын сыйына төтеп беру қиындай түседі.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #шартарап #табиғат #экологияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz