НАТО елдері Гаагадағы саммитте қазіргі геосасяи ахуалға сай жаңа стратегиясын қабылдады. Альянс мемлекеттері қорытынды декларацияда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2035 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 5%-ін бөлуге келісті. Бірақ Испания премьер-министрі Педро Санчес онымен келіспейтіндігін ашық айтып, өз елін бұл міндеттемеден босатып алды.
Гаагадағы саммитте талқыланған басты тақырып ұйымға мүше елдердің қорғанысқа бөлетін қаржы көлемін екі есеге дейін арттыру болды. Яғни әр мемлекет қауіпсіздік саласына жалпы ішкі өнімнің 2%-нен 5% дейін жеткізу ұсынылды. АҚШ президентінің талабын Альянсқа мүше елдердің барлығы қолдағанмен Испания бас тартты. Корольдіктің үкімет басшысы Педро Санчес әлеуметтік жауапкершілікті алға тартып, Испанияның үлесін 2,1% деңгейінде қалдыратынын жеткізді. Ақ үй қожайыны Ресми Мадридтің қадамын сынға алып, экономикалық санкциялармен сес көрсетті.
Педро Санчес, Испания премьер-министрі:
- ЖІӨ-нің 5%-ін жұмсау мемлекетіміздің әлеуметтік моделімен сөйкес келмейді. Дегенмен Испания НАТО-ның міндеттемелерін ары қарай орындай береді. Бірақ біз қорғанысқа бөлетін қаржыны 2,1% деңгейінде шектейміз.
Сарапшылар: «Испания премьер-министрінің мұндай саясат ұстануына бірнеше себеп бар», – дейді. Былтыр жүргізілген әлеуметтік зерттеу кезінде испан халықының көп бөлігі әскери шығынды арттыруға наразылығын білдірген. Оның үстіне үкіметтің солшыл бірлестігі мен оппозиция 5%-тік шығынды қолдамайтынын ашық айтты.
Максимо Прадера Санчес, журналист:
- Осыған дейін Санчестің партиясында ірі жемқорлық схемасы анықталып, беделіне айтарлықтай нұқсан келген еді. Алайда сыртқы саясатта ол өзін әлеуметтік модельді сақтай отырып, қорғаныс міндеттерін жақсы атқаратын жауапты саясаткер ретінде көрсетті. Бір жағынан Санчестің 2027 жылғы сайлауға дайындалып жүргені жасырын емес.
Десе де ресми Мадрид: «Испанияны қорғанысқа аз ақша құйып отыр деп айыптауға келмейді. Біздің ел – альянстың барлық міндеттерін орындап отырған мемлекет», – дейді. Сондай-ақ НАТО шеңберіндегі халықаралық миссияларда белсенділігін алға тартады. Испания орташа есеппен жыл сайын әскери іс-шараларға шамамен 800 млн еуро қаржы жұмсайды. Бірақ бұл өзге елдерге қарағанда едәуір аз.
Сантиаго Нинью Бечерра, экономист:
- Испанияның қаржылық міндеттемелері НАТО-ға мүше басқа мемлекеттермен салыстырғанда айтарлықтай аз. 2024 жылы Испания қорғанысқа шамамен жалпы ішкі өнімнің 1,28%-ін бөлді. Бұл НАТО құрамындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Испания – НАТО-ның геосаяси тұрғыдан ең маңызды мүшесінің бірі. Мемлекет Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің түйіскен жерінде орналасқан. 2000 жылы НАТО-ның жедел әрекет ету бойынша әскери штаб пәтерін ашып, ұйымның жауынгерлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасады. Сондықтан корольдіктің «Альянс шеңберінде әуе, теңіз және құрлықтағы барлық іс-шара бойынша өте белсендіміз», – деп мәлімдейтін жөні бар.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач
Тегтер #Испания #Гаага #саммит #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz