RU
Толық нұсқаға өту

Сауд Арабиясы зиярат туризміне басымдық бере бастады

01.07.2025, 08:26 352

Сауд Арабиясы туризм секторында серпіліс жасады, деп хабарлайды 24kz.

Кейінгі 1 жылда корольдікке 30 млн шетелдік саяхатшы сапарлаған. Бұл Таяу Шығыс өңірі үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Ресми Эр-Рияд Vision-2030һ стратегиясы аясында осындай оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Бағдарлама тек халықаралық емес, ішкі туризмнің дамуына да тың серпін берді. Қатаң ережелер жеңілдетіліп, кей шектеулер алынған.

Саудия жері әлемге қасиетті Мекке және нұрлы Мәдина қалаларымен әйгілі. Қос киелі мекен дүниежүзінен миллиондаған мейман тартады. Үлкен қажылық кезінде олардың саны 2 миллионға жетеді. Ал Умраға жылына 8 млн адам келеді. Кейінгі уақытта мемлекет зиярат туризмін кең насихаттауға көшті. Тыйымдар мен қатаң ережелер азайды. Биыл мұнда ат басын бұрғандар ішінде 4500 қазақстандық болды.

Сайд Хасан, Әл-Әһдил Әл-Хусейни «Пайғамбарлар ұрпағы» қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- Қазақстандық қажыларға арнайы сәлем бере келдім. Биыл Рамазан айы қарсаңында сіздің елге жолым түскен еді. Сонда көп қазақ бауырыммен қауышып қайттым. Жалпы қазақ ерекше қонақжай халық. Жаныма жақын тартып тұрамын. Саудия мемлекеті Қазақстанмен тығыз байланыс орнату қажет деп ойлаймын. Бүкіл араб инвесторларын осыған шақырамын. Бейбітсүйгіш ел деп айтып жүремін.

Қазақ қажылары дегенде ең алдымен ойға Құнанбай, Қасымбек датқа және Мырқыбай сынды тарихи тұлғалар есімі оралады. Олар мұнда 1870 жылдары табан тіреген. Кіл жақсы мен жайсаң болып келген топ жергілікті жұрт арасында сауапты ісімен танылады. Ұлы дала мен қасиетті мекен арасын жалғаған зиялылар бірнеше тәкия тұрғызып, қажылар түнеп, тынығатын жай салады. Әуелде Нұрпейіс хазірет бастаған шаруа лайықты жалғасын табады.

Аманкелді Әбдіхалық, дінтанушы:

- Нұрпейіс хазірет «қазақпыз» дегенде кіргізбей қояды. Тізімде жоқсыңдар деп. Қасындағылар қайтады. Ал ол Меккеге қажылық біткен соң кіріп, 7 жыл жүріп, ілім алып, жұмыс істеп, ақыры арабтардың тізіміне қазақ пен қырғызды кіргізеді. Сол кезде бүкіл байларға хабар береді. Қасымбек Датқаға, Құнанбайға, Мырқыбайға хабар береді. «Келіңдер, тәкия салыңдар», деп. Сол кезде Құнанбай қажы екінші рет Меккеге келеді.

Ел аузында жиі айтылып жүрген бұл сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері де қуаттайды. Себебі Меккеде салынған қазақ қонақүйі мен оған қатысты жазбалар Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде кездеседі. Дегенмен, ақиқатына нақты көз жеткізу уақыт еншісінде.

Смайыл Сейітбеков, ҚМДБ Бас мүфтидің кеңесшісі:

- Оның алдында да қазақ даласынан қажылар барған болады. Себебі тарихи деректер болмағандықтан, тіліміз қысқа. Мұсылман болғандықтан, айлап-жылдар барып келген кездер болды. Бірақ енді Нұрпейіс хазірет туралы осындай деректерді келтіреді. Қаншалықты ақиқатқа жанасатынын тарихшылар зерттеу керек. Ақиқатына келгенде ол кісінің қажыға барғаны, хазірет болғаны рас.

Бір белгілісі ұлттық болмыс пен салт-дәстүрімізді асыл дінмен ұштастыра білген ғұламалар жолы ерек. Құнды әрі қазыналы. Саудия жеріне барған әр қазақ мұны тереңінен түсінеді. Бабалар жүріп өткен жолды қастерлеп, санасына сіңіреді.

Авторы: Рауан Мыңбай

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz