RU
Толық нұсқаға өту

Әлемнің бірқатар елінде аптап ыстық қайтпай тұр. LIVE

01.07.2025, 20:20 532

Әлемнің бірқатар елінде ми қайнатар аптап ыстық орнады. Шіліңгір шілде Өзбекстан, Түркия, араб әмірліктерінің халқы әбігерге салды. Қазір осы елдегі тілшілеріміз тікелей байланысқа шығып, жағдайды баяндауға әзір тұр. Алдымен өзбек елінен бастасақ, осы аптада ауа температурасы 55 градусқа көтеріліп, елдің кей аймақтарында 60-қа дейін жету ықтимал. Қауіптің алдын алу шаралары күшейтіліп, қала арасына қатынайтын жүрдек пойыздардың жылдамдығы азайтылды. «Себебі үйкелістен қызыл жалынның тұтану қаупі басым», – дейді мамандар. Елде өрт фактілері де азаймай тұр. Әсіресе көліктердің отқа орануы жиілеген.

Ауа температурасы 55 градустан асты

Дулат Нуркин, тілші:

- Иә, бұрын көлік сатқанда «пеші қандай?» дегенде «Ташкент» немесе үйдің жылуына қатысты пікір айтқанда да «пәтер ыстық, «Ташкент» деген пікірлер ел арасында жиі айтылатынын білеміз. Бұрын оны естіп жүрсек, соған қазір нақты көзіміз жетіп отыр. Расымен де ауа райы осы күндері 40 градустан түскен емес. Тіпті түңгі уақытта да температура 25-тен жоғары. Жалпы аптап биыл Өзбекстанға ерте келді. Мамыр айының өзінде қатты ыстық болды. Мамандар соңғы 50 жылда мұндай жағдайдың тіркелмегенін айтады. Әрине, күннің ерте ысуы, әсіресе ауылшаруашылық саласына кедергі келтірді. Шегіртке ерте шығып, онымен күрес уақытынан кеш басталды. Бұл факторлар жиын-терінге, әрине, кері әсерін тигізбей қоймады. Өрт фактілері елде азаймай тұр. Әсіресе көліктердің ыстыққа шыдамай, жанып кету оқиғалары күн сайын түрлі интернет пабликтерде жарияланады. Өзбекстаннның төтенше жағдайлар министрлігі күні бүгін халыққа үндеу жасап, алдын алу шараларын пысықтады. Мәселен, сағат таңғы 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін күн астында жүрмеуге кеңес берілді. Бүгіннен шіліңгір шілде басталды. Яғни жергілікті халықтың наным сеніміне сүйенсек, алдағы 40 күн бойы елде ауа температурасы 40 градустан төмендемейді.

 

Франция мен Ұлыбританияда аптап ыстықтан қауіптің қызыл деңгейі жарияланса, Түркияда жағдай одан да күрделі.

Түркияда орман өрті күшейіп барады

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Түркия соңғы күндері отпен арпалысып жатыр. Ауа температурасы 40 градустан асып, құрғақшылық пен қатты жел кей аймақтарды жалын құрсауында қалдырды. Соңғы бес күнде ел аумағында 342 орман өрті тіркеліп, оның алтауы әлі ауыздықталған жоқ. Жалын тек орманды емес, елді мекендерді де шарпыды. Ең ауыр жағдай Измир, Маниса және Хатай өңірлерінде тіркеліп отыр. Измир провинциясының Сеферихисар мен Мендерес аудандарында 50 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Қазіргі уақытта ұшақтар, тікұшақтар, жүздеген техника мен мыңнан аса өрт сөндіруші жалынмен арпалысып жатыр. Кей өңірлерде әуежайлар уақытша жабылып, көлік қатынасы тоқтатылды. Сондай-ақ өрт оңтүстіктегі Мерсин мен Хатайда, Анталья және Мугла сынды курорттық аймақтарда да тіркелді. Бірақ туристерге қауіп төнген жоқ.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- 1 маусымнан бері Түркияда 1516 орман өрті тіркелді. Оның 1507-сі толық бақылауға алынды. Ұшақтар мен тікұшақтар жалпы саны 10 260 рет ұшып, 33,2 мың тонна су шашты. Өртке себеп болған 31 күдікті ұсталып, 10-ы қамауға алынды.

Материалдық шығын 1,5 миллион АҚШ долларына жуықтады. Синоптиктердің болжамынша, аптап ыстық пен құрғақшылық әлі бірнеше күнге созылады. Түркия билігі жалынды тоқтату үшін бар ресурсты жұмылдырып жатыр. Орман өрттерінің туындауына негізінен аптап, құрғақ ауа райы мен күшті жел себеп. Азаматтардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы да  жағдайды күрделендірді. Апаттардың жиілеп, күшейе түсуі – бүгінде бүкіл әлемге ортақ қауіп.

 

Ал Араб әмірліктерінде ауа температурасы 40 градустан түспей тұр. Әдетте бұл уақытта жергілікті жұрт сырт елдерге сапарлап, жанына сая іздейді. Биыл да үрдіс қайталанып отыр. Оның үстіне климаттық өзгеріс салдары болар, кей аймақтарда бұршақ жауып, нөсер селдеткен. Құбылмалы күн райы тұрғындардың қалыпты тіршілігіне кері әсерін тигізіп жатыр.

Аптап ыстық туризмді тұралатты

Рауан Мыңбай, тілші:

- Иә, әмірлікте кейінгі жылдары бұрын-соңды болмаған табиғи құбылыстар жиіледі. Былтыр жаңбыр Дубай көшелерін көлкітсе, биыл іргедегі Әл Айн шаһарына көктен кесек-кесек бұршақ жауды. Артынша жаңбыр құйды.

Нөсер қайталанады деген де болжам бар. Сондықтан билік климаттық өзгерістің қала тіршілігіне кері әсерін болдырмау жайын ойластырып жатыр. «Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы зиян шекпеуі тиіс», – дейді үкіметтегілер. Неге десеңіз, Әл Айн аймағы әмірліктің агроөндіріс орталығы саналады. Шөлейтті мекеннің шағыл құмына егілген жеміс ағаштары мен жидек көп.

Жалпы араб мемлекетінде бұл күндері аспан айналып, жерге түсердей аптап болып жатыр. Сынап бағанасы күндіз 40 градустан жоғары. Оған теңізден көтерілген ылғал араласып, ауа ысып, тыныс алу тіптен қиындай түседі. Әдетте мұндай қапырыққа шетелдіктер түгіл, жергілікті жұрттың өзі төзе алмайды. Сондықтан болар қазір туризм секторы тұралап тұр. Жағалау мен демалыс орындарында жүрген халық аз. Синоптиктердің айтуынша, қыркүйектен бастап күн райы қолайлы қалпына келеді. Десе де алаңдауға негіз де жоқ емес.

Сұлтан әл Катири, синоптик:

- Аптап ыстық бұрын шілде мен тамыз айларында ғана болатын. Қазір оның мерзімі ұзарып барады. Жаһандық жылыну әсер етіп жатыр. Әмірліктің климаттық өзгеріс министрлігі жаз маусымындағы орташа температура кейінгі 40 жылда 1,5 градусқа жоғарылағанын анықтады.

Қалыптасқан жағдай елдің инфрақұрылымы мен денсаулық сақтау және күнделікті қала тіршілігіне қауіпті. Қосымша ауыртпалық салады. Соған сай мамандар қалалар мен елді мекендерді аптап пен табиғи құбылыстарға бейімдеуді бастады. Айталық, қазір араб жерінде күндізгі сағат 12:00 және 15:00 арасында көптеген мекеме қызметін уақытша тоқтатады. Солардың бірі – жеткізіп берушілер. Тапсырысты уақытылы орындау үшін олар ыстыққа қарамай кез келген жерге жүйтки жөнелетін. Бірақ күн райы мұндайға кейде мүлде мұрша бермейді. Үкімет сервис өкілдеріне арнайы салқын тұрақтар салып, тәуекелге бармау керектігін ескертіп жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz