RU
Толық нұсқаға өту

Қытай фермерлері қуаңшылық азабын тартып отыр

02.07.2025, 09:26 432

Қытайда шаруалар қуаңшылық зардабын тартып отыр. 

Оған аптап ыстық себеп. Биыл елдегі астық шығымы 5 пайызға азаюы мүмкін деген күдік бар. 

Мынау Қытайдың орталығындағы Шэньси провинциясындағы көрініс. Қуаңшылықтан егін қурап жатыр. Көрші Хэнань провинциясында да осындай жағдай. Қос аймақ та Қытайдың "бидай белдеуінде" орналасқан. Көрші елде өндірілетін дәнді дақылдың төрттен бірі осы екі өңірге тиесілі. Бірақ жергілікті шаруалар биыл өнім әдеттегіден аз жиналатынын ескертіп, жылдағы көрсеткішке қол жеткізе алмаймыз деп дабыл қағуда.  

Чжоу Япин, шаруа:

"Әдетте бидай масағында 4 не 5 дәннен болады. Ал биыл өздеріңіз көріп тұрғандай, бір, ары кетсе 2 дәннен ғана шыққан. Бұл егін өнімділігін азайтады. Біз су мен тыңайтқыштарға қосымша ақша жұмсап, шығындарымыз айтарлықтай артып кетті".

Бәріне ауа райының қолайсыздығы себеп. Мамырда Шэньси провинциясында күн шыжып, ауа температурасы кейінгі 64 жылда болмаған ең жоғары межеге  жеткен. Салдарынан бидай піспей жатып, қурап кеткен. Жергілікті шаруалар 20 жылда алғаш рет осындай жағдайға тап болғандарын айтады.

Хоу, фермер:

"Біз таза ауыз судың өзіне зар боп қалдық. Тіршілік нәрін түске дейін күніне бір рет қана жеткізеді. Ішетін судан тарығып отырғанда, суаратын судың өзін табу қандай қиын екенін айтпай-ақ қояйын".

Қытай бидай импорты бойынша әлемде бірінші орында тұр. Өткен жылы рекордтық көлемде 140 миллион тонна өнім жиналған. Сөйтіп, былтырдан мардымды астық қоры қалған. Қазір ішкі сұраныс та жоғары емес. Оның үстіне Қытайға астық импорттаушы ең ірі елдің бірі Австралияда маусым соңына таман мол өнім жиналады деген болжам бар. Сол себепті сарапшылар шығысымыздағы көршімізде өндіріс азайса да бидай тапшылығының туындауы екіталай дейді. 

 Жұлдыз Атагельдиева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz