RU
Толық нұсқаға өту

Қара теңіз аймағында қар жауды

06.07.2025, 15:30 580

Шілде айында Түркияда табиғат тосын мінез танытып, халық әбігерге түсіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Күтпеген жерден Қара теңіз аймағында қар жауды. Жерорта теңізі мен оңтүстік-шығыс өңірлерде күн қатты ысып, орман өрті өршіді. Бір аптада 600-ден астам жерде өрт ошағы тіркелді.

Шілденің шіліңгірінде Қара теңіздің таулы аймақтарында жауған қар халықты біраз абдыратып тастады. Ал елдің оңтүстігіндегі аптап ыстық пен орман өрттерінен төтенше жағдай қалыптасты. Анталия мен Мерсинде бірнеше елді мекен тұрғындары дереу эвакуацияланды. Түрік қоғамы табиғаттың мұндай тосын мінезін соңғы онжылдықта бірінші рет көріп отыр.

 

Орман өрті өршіп тұр

Әсел Қайролла, Измир тұрғыны:

- Анкараға келемін деп үш рет билет ауыстырдым. Измирде өрт себепті әуежайға ұшақтар қона алмай әлек. Қалааралық автобуспен келдім. Ол да аудандардағы жағдайға байланысты бағытын ауыстыруға тура келді. Жалын әсіресе тұрғындардың 50-60 жылдық жиған-тергені мен тіршілік иелерін күлге айналдырды. Обал болды.

Орман өрті әсіресе Измир мен Хатай аймақтарында көптеп тіркеліп жатыр. Мамандар: «Жауын-шашынның аз болуы өңірлердегі ахуалды күрделендіріп, өртті ауыздықтауға кедергі келтіріп отыр», – дейді. Жергілікті полиция кей алқаптарға өрт қасақана қойылған деген күдікпен ондаған адамды ұстады.

Али Ерликая, Түркия Ішкі істер министрі:

- Еліміздің 12 өңірінде тіркелген 65 орман өртіне байланысты 44 күдікті ұсталды. Олардың 10-ы қамауға алынып, алтауына бақылау орнатылды. Тағы 15 күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ал ғалымдар: «Бір аумақта бір мезгілде қар жауып, аптап ыстықтың орнауы климаттың өзгеруінің айқын көрінісі», – дейді. Мұндай аномальды ауа райы алдағы уақытта жиілей түсуі мүмкін екенін айтып, оларға алдын ала дайын болу қажеттігін ескертеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz