RU
Толық нұсқаға өту

Әлем елдерінде тұрмыстық қалдықты сұрыптауға қатаң талап қойылған

08.07.2025, 08:19 385

2050 жылға дейін әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 3,5 миллиард тоннаға жетуі мүмкін.

Оның 20%-ы ғана қайта өңделеді. Бұл Дүниежүзілік банктің дерегі. Осыған байланысты қазір бірқатар елде қоқысты қайта өңдеу бойынша арнайы заңдар қабылданып, қатаң ережелер енгізіліп жатыр.

Германияда тұрғындар қалдықты сұрыптауға міндетті

Германия халқы үшін қоқысты сұрыптап, жинау қалыпты үрдіс. Елде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге жарамды және жарамсыз деп бөлу жүйесі 90-шы жылдары қалыптасты. Тұрғындар содан бері қоқысты арнайы контейнерлерге бөліп салады. Пластик, металл, қағаз, әйнек, қауіпті материалдар, киім-кешек, аяқ киім бәрі бөлек-бөлек жиналады. Ал қалғаны аралас қалдықтар ретінде бір контейнерге салынады. Оларды сұрыптап тастау заңмен міндеттелген. Бұл тұрғындар үшін де тиімді. Себебі қайта өңдеу үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Тек сұрыпталмаған қалдықтарды шығару ақылы. 

Корея: қалдықты сұрыптамағандарға айыппұл салынады 

Оңтүстік Корея - қоқысты өңдеу бойынша әлемдегі жетекші елдің бірі. Мемлекетте барлық азаматқа міндетті қоқыс сұрыптау тәртібі бар. Пластик, шыны ыдыстар, тағам қалдықтары, қағаз, металл әртүрлі контейнерге тасталады. Егер тұрғын қоқысты дұрыс сұрыптамаса 50-ден 1000 долларға дейін айыппұл салынады. Бұл теңгмен 25-500 мыңдай. Сондай-ақ ережеге бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан әр азамат жарамсыз болып қалған затты шығармас бұрын оның салмағын өлшеп, қайта өңдеу үшін ақы төлейді. Оның бағасы салмағына байланысты болады. Жалпы, Оңтүстік Кореяда тұрмыстық қалдықтарыдың 60 пайызы қайта өңделеді. 10 пайыздайы полигондарға жіберіледі. 

Австрияда қоқыстың 60%-ы қайта өңделеді 

Австрияда қоқыс өңдеу бойынша мемлекеттік бағдарлама бар. Елде қоқыстың 60 пайызы қайта өңделеді. Қалдықтар сұрыптау орындарында 6 контейнерге бөлініп жиналады. Атап айтқанда, әйнек, металл, қағаз, биоқалдық, пластмасса және сұрыптауға келмейтін қалдықтар деп бөлінеді. Әр контейнер әртүрлі түспен боялған. Олар толған кезде арнайы жүк көліктері алып кетеді. Сол үшін тұрғындар салық төлейді. Ал қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар өртеу зауыттарына жөнелтіледі. Онда оларды жағу арқылы электр энергиясы мен жылу алынады. 

Фариза Жанғанаева, Асель Абдыкалыкова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz