2030 жылға қарай жердің шөгуінен әлемде 15 қала суға кетуі мүмкін. Олардың қатарында Джакарта, Бангкок, Хошимин, Шанхай секілді ірі мегаполистер бар. Бұған шаһарлардағы инфрақұрылымның дұрыс жоспарланбауы себеп. Ғалымдар: «Жердің шөгуі – табиғи процесс», – дейді. Алайда адамның қоршаған ортаға ықпалының артуы оны жылдамдатып жатыр. Егер шұғыл шара қолданбаса, мұның соңы неге әкелуі мүмкін?
Джакарта қаласы жерге шөгіп барады
Жер бетіндегі халықтың төрттен бір бөлігі жер шөгетін аймақтарда тұрады. Соның бірі – Индонезия астанасы Джакарта. Тұрғындар 20 жыл бұрын кеуде тұсына дейін жететін үйдің терезесі қазір тізеге дейін түскенін айтады. 1970 жылдан бері жер 4 метрге дейін шөккен. Ғалымдар: «Бұл жерасты су көздерін шамадан тыс пайдаланудың салдары», – дейді. Яғни қала үлкейген сайын ауызсу жетпейді. Тіршілік көзін жеткізетін құбырлар тартылмағаннан кейін адамдар құдық қазуға мәжбүр болады. Салдарынан жеті қат жер астында бос кеңістік пайда болып, жер шөге бастаған.
Шерил Тэй, Сингапурдегі Наньян технологиялық университетінің жетекші ғылыми қызметкері:
- Жері шөгіп жатқан қалалардың көбі Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан. Өйткені мұнда халық өте тез көбейіп жатыр. Яғни құрылыс қарқындап, суға сұраныс артады. Бұдан жерасты сулары біртіндеп тартылып, тасқын жиілеуі мүмкін. Ал жер астындағы бос кеңістік тұзды суға толса, ауызсудың сапасы нашарлап, ауыл шаруашылығы жерлері бүлінеді.
Индонезия астанасында кейінгі жылдары су тасқыны жыл сайын болады. Бұрын бес жылда бір келетін апат енді тұрғындар үшін қалыпты жағдайға айналды. Кейінгі 10 жылда тасқынның кесірінен шаһарда 280 мың тұрғын баспанасыз қалған.
БҰҰ: 570 қала су астында қалуы мүмкін
Ғалымдардың айтуынша, жердің шөгуін тоқтату мүмкін емес, бірақ бұл процесті баяулатуға болады. Ол үшін осы бастан қамдану қажет. «Әйтпесе 2050 жылға қарай 570 қала су астында қалуы мүмкін», – дейді. БҰҰ-ның дерегі бойынша бұл 800 миллион адамның өмірін түбегейлі өзгертеді. Теңіз деңгейінің жылдам көтерілуі қауіпті одан бетер күшейтіп отыр. НАСА-ның соңғы мәліметіне қарағанда былтыр оның бойы 1 сантиметрдей жоғарылаған. Десе де су басу қаупі бар елдер қашан су басады деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Мәселен, Индонезияның Джакарта, Мысырдың Александрия және Вьетнамның Хошимин қалаларында ірі су бөгеттері мен қоймалар салынған. Нөсер кезінде артық судың бәрі соған жиналады. Алайда одан нәтиже шамалы. Италиядағы Падуя университетінің профессоры Пьетро Театини бұл құбылысты «қыш ыдыс эффектісі» деп атайды. Оның айтуынша, бұл қалалардың жері сазды болғандықтан, жаңбыр немесе теңіз суы одан әрі ағып кетпейді. Сондықтан су басу қаупі артады.
Токио – жердің шөгуін бәсеңдеткен қала
Ал осы мәселенің тиімді шешімін ұсынған санаулы мегаполистің бірі – Токио. Шаһар билігі жарты ғасыр бұрын жерасты су көздерін пайдалануға шектеу қойды. Кейін қаланы сумен қамтамасыз етудің заманауи басқару жүйесін енгізді. Яғни станцияға екі ірі бөгет арқылы берілген өзен суы осы жерде 10 түрлі сүзгіден өтіп тұндырылады. Түрлі химиялық өңдеуден өтеді. Тазартылған су тұтынушыға арнайы орталық арқылы жеткізіліп, құбыр бойындағы қысым мен судың көлемі реттеліп отырады. Нәтижесінде 2014 пен 2020 жылдары аралығында Токио жылына небәрі 1 мен 2 см ғана шөккен. Кей қалаларда бұл көрсеткіш 70 сантиметрге дейін жетеді.
Мигель Эстебан, Васэда университетінің профессоры:
- Токио қаласы инженерлік инфрақұрылымның сапалы үлгісін көрсетті. Алайда бұл жүйені басқа елдерге орнату қиын болады. Себебі құрылысы мен техникалық қызметі тым қымбат. Оны жүзеге асыру үшін ауқымды инвестициялық қолдау қажет.
Ал Шанхайда су тарту ұңғымалары арқылы жер астына қайтадан су айдайды. Осылайша жеті қат қара жер астындағы қуыстарды толтырады. Қытайдың Чунцин мен Сальвадордың Сан-Сальвадор қаласында «сіңіргіш-қала» технологиясы енгізілген. Жаяу жүргіншіге арналған жолға бетон және асфальт емес, топырақ, шөп төселеді. Бұл су тасқыны кезінде судың жерге тез сіңуіне мүмкіндік береді.
Тегтер #джакарта #Токио #қалалар #шартарап #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz