Болгария халқының 50%-і еуроаймаққа қосылуға қарсы. Тек 43%-і қолдау білдірді. Eurobarometer платформасы жүргізген сауалнаманың нәтижесі осындай, деп хабарлайды 24kz.
София еуроаймаққа келер жылдың 1 қаңтарынан бастап кіреді. Мұны кеше Еуропарламент депутаттары мақұлдады. Болгариялықтардың жартысы қарт құрлықтың ең беделді экономикалық одағына неліктен қосылғысы келмейді?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Болгария президенті Румен Радев елдің еуроаймаққа кіруіне қатысты ұлттық референдум өткізбекші болды. Бірақ еуроға көшуге құлшынып отырған кәсіпкерлер оны райынан қайтарған көрінеді. Сондай-ақ Болгария басшысының бұл идеясын парламент мақұлдамайтыны анық. Өйткені депутаттардың көбі еуроны қабылдауға бейілді.
Болгария еуроға көшсе, жылына €100 млн үнемдейді
Болгария билігі: «Еуроаймаққа қосылу елдің экономикалық ахуалын жақсартады», - дейді. Сондағысы Одақпен мүше мемлекеттермен сауда-саттық нығайып, бәсекелестік артып, ел ықпалының күшейе түсетінін алға тартады. Атқамінерлердің кейбірі бұл шешімді ел егемендігін нығайту жолындағы қадамға балады.
Петар Дилов, Болгария экономика және өнеркәсіп министрі:
- Болгарияда қаржылық операцияларды жүзеге асыруда ұлттық валютамен бірге еуроны қолданатын жарты миллион шағын және орта кәсіпкер бар. Еліміздің еуроаймаққа қосылуы компанияларға жылына 100 млн еуро үнемдеуге мүмкіндік береді.
Петар Ганев, Нарықтық экономика институтының ғылыми қызметкері:
- Еуроаймаққа қосылғаннан кейін Болгарияға деген халықаралық сенім күшейеді. Алдағы уақытта елімізге берілетін бұл қадам несиелік рейтингімізді жақсартуы мүмкін.
Иә, Болгария валюта айырбастау кезінде жылына 1 млрд лев жоғалтып келді. Бұл біздің ақшамен 311 млрд теңге. Жалпы бұл ел 2007 жылы Еуроодаққа кіре сала, ұлттық валютадан еуроға көшуге бірден кірісті. Бірақ жоғары инфляцияның салдарынан тек биыл ғана дегеніне жетті. Былтыр елдегі орташа жылдық инфляция 2,7% құрады. Бұл Еуропа орталық банк белгілеген межеден 0,1% төмен.
Еуроға көшкен соң Болгарияда инфляция өсуі мүмкін
Дегенмен, бастапқы кезеңнің бірқатар тәуекелдері бар. Осыған дейін еуро енгізген Словакия мен Эстония және Литва секілді Болгарияда да инфляция өсуі мүмкін. «Әсіресе, азық-түлік, қызмет көрсету және күнделікті тауарлар қымбаттайды», - дейді қаржыгерлер. Белгілі сарапшы Петар Ганевтің пікірінше, еуроаймаққа кіргеннен кейін бағаның тұрақтылығы тек Болгария экономикасына ғана емес, бүкіл одақтағы ахуалға тәуелді болады. «Тұрмыс сапасы да бірден жақсара қоюы екіталай», - дейді ол.
Петар Ганев, Нарықтық экономика институтының ғылыми қызметкері:
- Еуроаймаққа қосылғаннан кейін әп-сәтте бай боламыз дегенге сенудің қажеті жоқ. Бүгінде бетпе-бет келіп отырған қиындықтар 10-20 жыл бұрынғы мәселелермен бірдей. Бәсекеге қабілеттілік, экономикалық тәртіп және сындарлы саясат, осы шешуші факторлар жүзеге асса ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл негізгі қағидалар бәріне бірдей маңызды.
Сауалнамаларға қарағанда, болгарлардың жартысы ұлттық валютасы, яғни левті елдің егемендігінің нышаны ретінде қабылдайды. Олар еуроға көшкеннен кейін еркіндіктен айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Сондықтан көшеге шығып, бірнеше рет наразылық танытты.
Блиц 1:
- Біз ұлттық валютамызды сақтап, бостандығымызды қорғауымыз керек. Еуроаймаққа кіргеннен кейін одан қайтар жол болмайды.
Блиц 2:
- Біздің қаржымыз соғыстарды қаржыландыруға жұмсайтын Одаққа кеткеннін қаламаймын. Болгария мен Еуропалық Одақты алсақ, екеуінде де жемқорлық өршіп тұр. Біз үшін мұндай жүйемен тығыз қарым-қатынас орнатудың мүлде қажеті жоқ деп ойлаймын.
Айта кетейік, қазір еуроаймаққа Еуропалық Одаққа мүше 20 ел кіреді. Күніне 340 млн адам еуромен төлем жасайды. Ол доллардан кейінгі құнды валюта саналады.
Болгарияның еуроаймаққа қосылуы экономикасын ұшпаққа шығара ма, әлде халық арасындағы наразылықты одан әрі күшейте ме? Уақыт еншісіндегі дүние.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Болгария #Еуроодақ #еуроаймақ #экономика #халық пікіріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz