RU
Толық нұсқаға өту

Жаяу жүру қатерлі ісік қаупін азайтады — ғалымдар

15.07.2025, 07:40 406

Әлемде жыл сайын 20 млн адам қатерлі ісікке шалдығады. Соның ішінде тері, өкпе, сүт безі, жатыр мойны обыры жиі кездеседі. Мамандардың айтуына қарағанда онкологиялық аурудың асқынуына спирттік ішімдіктер ішу, шылым шегу және ауаның ластануы себеп. Дерекке сүйенсек, бүгінде шамамен әр бесінші адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Дерттің алдын алу жолы қандай? Аты жаман аурумен күресудің қандай озық тәжірибелері бар?

Алдағы 20 жылда әлем бойынша дертке шалдыққан науқастардың саны 55% артуы мүмкін. Обырды зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктігі осындай болжам жасап отыр.

Жазда тері обырына шалдығу қаупі жоғары

Жаз келе саяхаттау маусымы қызып, адамдар суға шомылып, күнге қыздырынады. Сондықтан мамандар бұл мезгілде күннен барынша қорғануға шақырады. Өйткені жаз айларында тері қатерлі ісігіне шалдығу қаупі жоғары болады. Күннен бөлінетін ультракүлгін сәуленің деңгейі артады. Егер оның индексі +6 мен 11-дің аралығында болса бұл адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде жыл сайын 3 миллионға жуық адам тері қатерлі ісігіне шалдығады. Соның ішінде «меланома» диагнозы жылына шамамен 130 000 адамға қойылады. Ол әсіресе балалар мен орта жастағы ересектерде жиі кездеседі. Мамандардың айтуына қарағанда егер бала кішкентай кезінде күнге бірнеше рет күйген болса, бұл өсе келе меланомаға шалдығу қаупін 2-3 есе арттырады.  

«Біз қатерлі ісік ауруларын науқасқа жас кезінде қандай диагноз қойылғанына қарап анықтаймыз. Оған шалдығу қаупі біздің мінез-құлқымыз бен өмір салтымызға тікелей байланысты. Өйткені қоғам өзгерген сайын адамның өмір сүру дағдысы да өзгереді. Сондықтан оны әрдайым қадағалап отыру маңызды» — Вилар-Санчес, онколог дәрігер.

 

Әлемде 2,5 млн адам өкпе обырына шалдыққан

Дүнежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде өкпе обырына шалдыққандар көп. Олардың саны 2,5 миллионнан асады. Бұл онкологиялық аурулардың 13%-і. Ал сүт безі обыры 2 миллион 300 мың адамның дертіне айналған. Сондай-ақ колоректалдық обыр, қуықасты безі обыры, асқазан және жатыр мойны обыры – ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрлері.

- өкпе обыры – 2 500 000

- сүт безі обыры – 2 300 000

- колоректалдық обыр –  1 900 000

- қуық асты безі обыры – 1 500 000

- асқазан обыры – 970 000 

- жатыр мойны обыры – 604 000

Дереккөз: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

 

Жаяу жүру қатерлі ісік қаупін азайтады

Ғылым мен технология дамыған сайын қатерлі ісікті жеңудің жолдары да көбейіп келеді. Иммунотерапия, түрлі вакциналар, нанотехнология – мұның бәрі қазір медицинада кеңінен қолданылып жүрген әдістер. Ғалымдар көп жағдайда қатерлі ісікке шалдығу жұқпалы аурулардың салдарынан болатынын ескертеді. Сондықтан обырдың алдын алу үшін ең алдымен тексерістен уақытылы өтіп тұру қажет. Сондай-ақ қарапайым күнделікті жаяу жүру қатерлі ісік қаупін анағұрлым азайтады. Мұны Оксфорд университетінің ғалымдары дәлелдеді. Олар 85 мың адамға арнайы құрылғы тағып, қимыл-қозғалысын бақылаған. 6 жыл жүргізілген зерттеу нәтижесі күніне 7 мың қадам жүру 11%, ал 9 мың қадам жасау обыр қаупін 16% азайтатынын көрсетті.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz