RU
Толық нұсқаға өту

Кореяда жұмысшы мамандарды мектептен даярлайды

18.07.2025, 23:20 400

Оңтүстік Кореяда жұмысшы мамандықтарына оқыту мектептен басталады. Германияда да жұмысшы кадрларды даярлауға ерте жастан көңіл бөледі.

Кореяда жұмысшы мамандарды мектептен даярлайды

Оңтүстік Корея мектептерінде жұмысшы мамандарды даярлайтын арнайы бағдарлама бар. Ондағы жүйе негізінен өнеркәсіп, технология, құрылыс және басқа салалар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Оқушылар тек теориялық тұрғыда білім алып қоймай, тәжірибеден өтіп машықтанады.  Осылайша көп мамандықтың ішінен әрқайсысы өз саласын тереңірек танып біледі. Тіпті оқу бағдарламаларын аяқтағаннан кейін ірі өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істеуге жол ашылады. Өйткені мұндай мектептер Samsung, Hyundai сынды технологиялық алпауыт компаниялармен тығыз жұмыс істейді.

 

Германияда дуальды оқыту жүйесі енгізілген

Германияның білім беру жүйесінде жұмысшы мамандықтарын оқыту бойынша әлемдік деңгейдегі ең озық бағдарламалар бар. Ол дуальды оқыту жүйесіне негізделген. Сондай-ақ оқу орнындағы оқуды жұмыс орнындағы тәжірибемен біріктіруге мүмкіндік бар. Оның мәні: оқушы уақыттың 70%-ін кәсіпорында сабақ алуға жұмсайды. Қалғаны теория, бейіндік пәндер және жалпы білім беретін пәндерді игеруге кетеді. Бұл бағдарлама бойынша оқушылар 9-10 сыныптардан кейін қабылданады. Ол үшін емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Қабылдау жұмыс берушімен келісімшарт арқылы жүзеге асырылады. Оқуды бітіргеннен кейін студент бірден жұмысқа орналасып, еңбекақы төленеді. 

 

АҚШ-та жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары 

АҚШ-та жұмысшы кәсіптерін оқыту бойынша арнайы мекеме көп. Бұл жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесінен мүлдем өзгеше. Көбіне тәжірибелік дағдыларға көңіл бөлінеді. Мысалы, практикалық мамандықтар бойынша оқытатын техникалық колледждер бар. Олардың оқу бағдарламалары бір жылдан екі жылға дейін созылады. Көбінесе оқыту еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жүргізіледі. Әсіресе құрылыс, машина жасау, дәнекерлеу, автомеханика, медицина, аспаздық және электрик мамандарын даярлау кең таралған. 

Авторы: Фариза Жанғанаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz