Біріккен Араб Әмірліктері бағзыдан қалыптасқан болмыс-бітімін сақтай отырып, салт-дәстүр мен мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттап келеді. Бұл іске мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлінген. Балалар жастайынан арабша тәлім-тәрбие алып, дүниетанымын кеңейтеді. Жергілікті жұрт кез келген ортада ұлттық киімі мен ән-жырымен және биімен мақтанады.
Бұл – араб жеріне арнайы турнемен келген Дональд Трампты Абу Дабиде салтанатты қарсы алу рәсімі. Тарихи һәм саяси салмағы зор іс-шарада жергілікті жұрт қонағын құдайындай күтіп, ұлттық бітім-болмысын айшықтады. Ән-жырын айтып, биін билеп, келіссөзге бастар жолды құшақ- құшақ гүлмен көмкерді. Ерекшелігі сол, іскерлік алаңда араб қыз- келіншектері еркіндік нышанына баланған шаш биін орындады. Сырт көзге оғаш көрінуі мүмкін қимыл-қозғалысты көпшілік сол сәттен қызу талқылап, астарына терең үңіле бастады.
Фараһ Абдулхамед, блогер:
- Бұл біздің ұлттық құндылық. Шығанақта өте танымал. Әсіресе әмірліктер мен Саудия және Кувейтте жиі орындалып жүр. Шаш қимылы жай ғана қозғалыс емес, «еркіндік» деген мағынаны білдіреді. Би қимылын орындаған қыз-келіншектер ерекше әсерге бөленеді. Бойдағы теріс энергия сыртқа шығады. Жан-жағына жақсы көңіл-күй де бөледі.
Жалпы би – кез келген жұрттың ішкі дүниетанымы мен бай мәдениетін аңғартатын бекзат өнер. Ол әр халықтың тарихы және салт-дәстүрінен сыр шертеді. Дегенмен шаш ырғағы көп жерде кездесе бермейді. Араб түбегін мекендеген бірнеше ел «Халиджи»-ді ұлттық мұрасы санайды. Көбіне балиғат жасына жетпеген қыз балалар орындайды. Бір қызығы, шығанақ жерінде ерлерге де тән өзіндік би өрнегі бар. Мән-маңызы күш-қуат ұғымымен біте қайнасып жатыр.
Ахмад Ибниан, мәдениеттанушы:
- Арабтың би мәдениетін айтқанда “Иолла” жайлы да сөз қозғамау мүмкін емес. Ол Біріккен араб әмірліктерінде ұлттық символға айналған. Іргедегі елдерде де осындай би қимылы кеңінен таралған. Кей жерде ерлердің қолындағы таяқ түсі мен түріне қарай ерекшеленеді. Мәселен, Саудияда бишілер қылыш сермеп, әсерлі музыка ырғағына қарай тербелсе, әмірліктерде кәдуілгі жеміс ағашынан жасалған сойыл пайдаланылады. Бұл бидің негізгі мазмұны терең. Ер жігіттің күш-қайраты мен рухын бейнелейді.
Арабтың көне музыка мәдениеті де сан қырлы. Қазақы сазбен үндес келеді. Құрылымы жағынан әуезді үн беретін аспаптары ұқсас. Бұл өз кезегінде көне ғасырлардан сыр шертетін бай мәдениет пен өркениет арасында терең байланыс барын білдіреді.
Жюли Франкул, музыкант:
- Бұл музыкалық аспап «харб» деп аталады. 38 ішектен тұрады. Негізінде харбтың сан алуан түрі бар.Әмірлікте кейінгі 20 жылдан бері жиі қолданылып жүргені мына менің жанымда тұр. Осы үлгісі кез келген жерге алып баруға қолайлы. Барлығы да тамаша әуез береді.
Бір анығы, әмірлік арабтары ұлттық болмысынан еш ажырамаған. Керісінше мәдени мұрасын кең насихаттауға ден қойған. Өзгеден өзін ерекшелеп тұратын киім үлгісін кез келген ортада киіп жүруі әрі онысын мақтаныш көруі – өткенге құрмет әрі келешекке сенімнің белгісі.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #БАӘ #дәстүр #мәдениет #мұраPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz