RU
Толық нұсқаға өту

Алдағы 25 жылда адамға антибиотик әсер етпей қалуы мүмкін

23.07.2025, 08:00 496

Алдағы 25 жылда адамға антибиотик әсер етпей қалуы мүмкін.

Бұл 39 млн адамның өліміне себеп болады деген болжам бар. Адамдар антиобиотикті аурудан айығу үшін ішеді әрине. Бірақ зерттеулер көрсетіп отырғандай оның қауіпі де көп. 

Қазірде антибиотиктің түр-түрі бар. Оның жыл сайын 139 млн дозасы тұтынылады. Тіпті кейінгі жылдары әсері күшті түрлері, танымал пеницилиннің орнын алмастырған. Алайда оған бактериялар үйір болады. Нәтижесінде дәрінің ағзадағы қауіпті денелерді жоюға күші жетпей қалады. Сөйтіп аурудың бетін қайтаратын антибиотиктің өзі адамзатқа қауіпті супервирустар мен супербактериялардың пайда болуына әкеледі. 2018 жылғы көрсеткіш бойынша адамзат тұтынған антибиотиктердің жалпы көлемі жылына 6500 тоннадан асты. Бұл орташа есеппен, әр мың адамның 18-і күн сайын антибиотикке тәуелді дегенді білдіреді. Антибиотикті реті келсе ішпеген жөн. Дәрігерлер қолданған жағдайда аз тұтынуға кеңес береді.

Кевин Икута, Калифорния университеті Клиникалық медицина кафедрасының доценті:

- Біз антибиотиктердің шектен тыс және дұрыс қолданбауын жиі байқаймыз. Бұл бактерияларға қосымша қысым түсіріп, олардың уақыт өте келе антимикробтық препараттарға төзімділігін арттырады.

Елдер супербактериямен күресуге қауқарсыз

Келешекте супер бактерияға қарсы тиімді құрал табылмаса, оның экономикалық және медициналық салдары ауыр болуы мүмкін. Әсіресе АҚШ, Ұлыбритания және Еуропа елдерінде. Қауіптің басты себебін Жаһандық даму орталығының сарапшылары халықаралық көмек пен зерттеу жұмыстарының азаюымен байланыстырады. Мәселен, Лондондағы Флеминг қоры қаржыландыруды қысқартпақ. Бұл қор, дамушы елдерде антимикробтық препараттарға төзімділік мәселесімен айналысып келеді. Ал АҚШ 9 миллиард долларды үнемдеуді ұйғарды. Халықаралық даму агенттігінің жабылуы да үлкен соққы болып отыр. Өйткені USAID әлемдегі барлық гуманитарлық көмек пен көптеген зерттеулердің жартысына жуығын қамтамасыз етіп келді. 

Энтони Сакдоннелл, Жаһандық даму орталығының зерттеу жетекшісі:     

- Біз бактериялардың дәрі-дәрмектерге төзімділік деңгейі айтарлықтай өзгеріссіз қалады деп болжаған едік. Алайда АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және басқа елдердің көмекті күрт қысқартуы жағдайды одан сайын ушықтырмақ. Егер дер кезінде шаралар қабылданбаса, бұл миллиондаған адамның өліміне әкеледі.

Супербактерияны емдеу жолдары

Cупербактериялар салдарынан қайтыс болатын адамдардың саны қатерлі ісіктен көз жұматындардан асып кетуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қақты. Әйтсе де, қазір супербактериямен күрестің бірнеше жолы зерттеліп жатыр. Солардың бірі – бактериофагтар арқылы емдеу. Жалпы бұл бактериофагтың өзі вирус. Бірақ ол бактерия секілді микроағзаларды ыдыратады. Яғни уды у қайтарады. Алайда оны медицинаға енгізуге әлі ерте, дейді мамандар.  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz