RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ стейблкоинды қолма-қол ақшаға теңестірді

07.08.2025, 07:22 428

АҚШ стейблкоинды қолма-қол ақшаға теңестірді. Енді оның құны заңды түрде доллармен бағаланады.

Президент Трамп тақауда осындай  құжатқа қол қойды. Ал бұл жаһандық қаржы жүйесіне қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?

Трамп сайлауға дейін АҚШ-ты «әлемдік криптовалюта астанасына» айналдырамын деген еді. Сол уәдесін орындауға шындап кіріскен сыңайлы.

АҚШ стейблкоинды қолма-қол ақшаға теңестірді    

Стейблкоин - доллардың әлемдік резервтік валюта нарығындағы мәртебесін нығайтудың цифрлық тәсілі. Бұл криптонарық бойынша танымал америкалық сарапшы Паоло Ардоиноның айтуы. Қазір әлемде долларсыздандыру үдерісі жеделдей бастады. Ал дамушы елдер тарапынан стейблкоинға қызығушылық артып келеді. Қазір оның нарықтағы құны 250 млрд доллардан асады. Бұл көрсеткіш алдағы 5 жылда өспесе, кемімейді, - дейді сарапшылар.

Шон Ли, Криптокеңестің инновациялар бойынша кеңесшісі:

- Қазір айналымдағы стейблкоиннің басым бөлігінің құны доллармен бағаланады. Оны тек федералдық немесе штаттық реттеуші органдар бекіткен мекемелер ғана шығарады. Сондықтан АҚШ-тың бұл қадамы бүкіл жүйенің тұрақтылығына әсер етеді.

Ал демократтар болса, Ақ үй басшысы бұл заңды жеке мүддесі үшін қабылдап отыр деп айыптады. Өйткені Президент Трамптың жақындары отбасылық стейблкоинын шығармақ. Сондай-ақ қаржыгерлердің кейбірі Америка басшысының бұл шешіміне күмәнмен қарайды. Тіпті дүниежүзілік қаржы дағдарысына түрткі болады деп қауіптенеді.

Криптокомпания шектен тыс стейблкоин шығарса, ал қоры жеткіліксіз болса, бұл жағдай криптовалюта нарығында алаңдаушылық туғызып, инвесторлардың тәуекелді активтен бас тартуына әсер етуі мүмкін. Стейблкоин құнын төмендетеді. Яғни, АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелер күрт өсіп кетуі мүмкін. Бұл – жаһандық қаржы дағдарысына әкеледі.

Бутан bitcoin арқылы экономикасын аяққа тұрғызды  

Қазір криптовалюта тек инвестиция құралы емес, экономиканы дамытудың маңызды тетігіне айналған. Мәселен, Қытай мен Үндістанның арасында орналасқан шағын корольдік Бутан биткоин өндіріп, оны өзге елдерге сату арқылы табысқа кенеліп отыр. Тіпті биткоин саудасынан түскен қаражат есебінен мемлекеттік қызметкерлердің жалақасын көтерді. Цифрлық ақшаны жасау үшін арзан электр қуаты ғана қажет. Ал жазда Бутанда өзендерде су көп болғандықтан, су электр стансалары артық энергия өндіреді. Кейінгі мәліметке қарағанда, қазір бұл елдің қорында 8 мыңдай биткоин бар.

Криптобиржаларға кибершабуылдар жиіледі   

Әлемде криптобиржаларға хакерлік шабуылдар жиіледі. «Таймс оф Индиа» басылымының дерегі бойынша, кибершабуылдан криптокомпаниялар жарты жылда 2,2 млрд доллар шығынға батты. Әсіресе осы саланың ірі ойыншысы ByBit платформасы зиян шекті. Қаскөйлер жүйенің осалдығын пайдаланып, жүздеген миллион долларды қолды қылған.

Аниш Шах, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:

- Криптоиндустрия қарыштап дамып жатқанымен, оның қорғаныс жүйесі сол қарқынға ілесе алмай отыр. Хакерлер бұл кемшілікті жеке мүддесіне тиімді пайдалануда.

Болмай қалған миллионер

Ал ұлыбританиялық Джеймс Хауэллс 12 жыл бұрын айрылып қалған крипто-әмиянын табамын деп үмітті. Ол 2013 жылы істен шыққан компьютерін қоқысқа тастайды. Сонымен бірге абайсызда 8 мың биткоинның кілті сақталған дискіні де лақтырып жіберген. Ол кезде биткоин небәрі 100 доллар тұратын. Қазіргі құны 900 млн долларға жетеді. Кейін Хауэллс Ньюпорт қаласы кеңесінен қоқыс полигонын қазуға бірнеше рет рұқсат сұраған. Тіпті оны сатып алуға 40 млн доллар ұсыныпты. Алайда экологиялық мәселелерге байланысты Кеңес оның өтінішін қабылдамай қойды. Жоғалған дискі табылса да, Джеймс Хауэллс оған иелік ете ме, жоқ па? Бұл жағы тағы белгісіз. Өйткені, заң бойынша, полигонға түскен қоқыс жергілікті биліктің меншігі саналады. Енді ол байлығын қайтарудың өзге де амалдарын ойластырып, барын салып жатыр.

Джеймс Хауэллс:

- Ұлыбританияның Жоғарғы сот шешімі бойынша, 8 мың биткоин заң жүзінде менікі. Диск олардың меншігінде болса да, оның ішіндегі активтер - менің заңды иелігім. Сондықтан биткоинге қатысты құқығымды токенизациялауды, яғни заңдастыру жолдарын қарастырып жатырмын.   

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz