RU
Толық нұсқаға өту

Араб елдері мұнай өндірісін арттырып жатыр

13.08.2025, 13:25 389

Шығанақтағы араб елдері, әлемдік мұнай нарығындағы тұрақсыздыққа қарамастан, өндірісін ұлғайтпақ ниетте.

«ОПЕК+» мүшелері бұған қатысты нақты шешім қабылдап үлгерді. Мәміле қыркүйек айынан бастап күшіне енеді. Осыдан кейін араб елдерінің экономикасы, айтарлықтай өседі деген болжам бар. «Туризм, жасыл энергетика және логистика салалары да, ахуалға оң әсер етуі мүмкін», -  дейді сала өкілдері.

Әлемдегі мұнай өндіруші жетекші мемлекеттер үшін алдағы қыркүйек айы бетбұрысты кезең болады». «ОПЕК+» ұйымының тәуліктік қара алтын өндірісін тағы 547 мың баррельге көбейту жөніндегі мәмілесін жан-жақты зерделеген сарапшылар осылай дейді. Бұл өз кезегінде мұнай құны арзандап, оның одан әрі құлдырау қаупі туындап тұрғанына қарамастан, тараптардың нарықта белсенділігі артқанын білдіреді.

ОПЕК+ елдері қара алтынды өндіру мөлшерін 2022 жылдан бері едәуір шектеп келген еді. Бірақ ол шикізатқа бай мемлекеттердің экономикасына кері әсер еткенімен уақыт өте тиімді шешімдер қабылданып, тыңнан түрен салуға жол ашты. Шығанақ елдері жасыл технология, туризм, логистика салаларына қыруар қаржы құйды. Шетелдік инвестиция тартылды. Нәтижесінде шикізаттық емес салалардан бюджетке түсім көбейді. Жасанды зерде мен басқа да жобалар қарқын алды. 

Тариқ Низами, «Сeo Сlubs Network Worldwide» ұйымының бас директоры:

- Қазір Біріккен араб әмірліктері жасанды интеллект, блокчейн және крипто нарықта қозғаушы күшке айналып, әлемдік деңгейде ірі хаб атанып отыр. Бүгінде мұнда деректер орталығы көп. Соның барлығы мемлекетке ауқымды пайда әкеліп жатыр. Ақылды зердеге қатысты біраз жобаға АҚШ тарапынан қаржы құйылды. Бұл ұзақмерзімді инвестиция. Нарық өте үлкен, қайтарымы да мол болады деп пайымдаймыз.

Десе де Араб әмірліктері, Саудия, Кувейт, Қатар және Оман мұнай нарығындағы ахуалды тұрақтандыруға күш салып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл шикізаттан түсетін табыс әлі де ауқымды. Оның үстіне қара алтын құны 70-80 доллар деңгейінде сақталады деген үміт басым. Осыны ескерген ресми Абу Даби АҚШ, Қытай және Еуропа нарығындағы серіктестерімен инвестициялық байланысты тереңдетті. Таяуда ғана Біріккен Араб әмірліктері мен АҚШ арасында жалпы сомасы 1 трлн долларға жаңа келісімдер жасалды. Араб түбегіндегі елдер геосаяси шиеленістерді шешуге атсалысып, арағайындық міндетті арқалады.  

Тариқ Низами, «Сeo Сlubs Network Worldwide» ұйымының бас директоры:

- Әлемдік державалар арасында бейбітшілікке бағытталған қадамдар жасалуда. Бұл барлық елге тиімді. Әсіресе, экономикалық тұрғыда жағдай жақсарар еді. Мүдделі тараптар бір-бірімен бітімге келеді деген ойдамын.

Бір ерекшелігі, қыркүйектен бастап тәулігіне 547 мың баррельге көбейетін әлемдік мұнай өндірісі «ОПЕК» мүшелері арасында теңдей бөлінбейді. Алдын ала болжам бойынша Қазақстанға мұның шамамен 45 мыңы тиесілі болады. Ал әмірліктерде көрсеткіш 70 мыңға жетуі ықтимал. Сәйкесінше, бұл жағдай кез келген тарап үшін ұлттық қор мен бюджетке түсер табысты ұлғайтары сөзсіз.

Рауан Мыңбай, 24KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz